Биыл Мемлекет басшысы 23 рет шет мемлекетке барды. 19 халықаралық форум мен саммит жұмысына атсалысып, Халықаралық іс-шаралар аясында 27 Президентпен кездесті. Ел ішінде 11 өңірге атбасын тіреді. 41 іс-шараға қатысып, саяси және қоғам қайраткерлерімен 137 кездесу өткізді. Әлеуметтік-экономикалық дамудағы іргелі өзгерістер мен жетістіктер туралы әріптесім Аружан Задабек айтады.
Мемлекет басшысы биыл 3 979 құжатты қарап, қол қойды. Оның ішінде 95 заң, 319 жарлық, 81 өкім, 28 отырыс хаттамасы, 3 456 қызметтік құжат қабылданды. Сыртқы саясатта да жемісті жыл болды. Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекет және үкімет басшыларымен, жоғары лауазымды тұлғаларымен, халықаралық және өңірлік ұйымдардың жетекшілерімен 84 кездесу өткізді. 49 рет телефон арқылы сөйлесті. 22 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады.
Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы биыл көне Сарайшық жұртында – Атырау облысында өтті. Құрылтайда Президент бес әлеуметтік кеселмен күресті күшейту жөнінде нақты тапсырма берді. Осыған орай, биыл Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі туралы Заңға қол қойылды. Яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қатаң жаза белгілейтін, балалар құқығының қорғалуын қамтамасыз ететін жаңа нормалар енгізілді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек.
Көктемгі су тасқыны елді әбігерге салып, халықтың да, мемлекеттің де мүлкіне зардабын тигізді. Еліміздің 10 өңірінде жергі¬лікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде комиссия жұмыс істеп, 19 359 үй мен саяжай құрылысын тексерді. 5 767 тұрғын үй сатып алынды. 9 156 үйге жөндеу жұ¬мыстары жүргізіліп, жүз пайыз аяқталды. Бұған 54,7 млрд теңге бөлінді. 36 455 отбасына жалпы сомасы 13,3 млрд теңге біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Тағы 21 876 отбасы 9,9 млрд теңге көлемінде өтемақы алды.
ЕРМЕК ЖҰБАНЫШЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Үйсіз-күйсіз, далада қалдық.Бірақ мемлекет бізді далада қалдырған жоқ.Мынадай кермете үй салып берді. Бәрі сақадай сай. Қаланың үйі секілді.Алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Алыс-беріс артты. Шетелден 9,8 млрд доллар тікелей инвестиция тартылды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі қаңтар-қараша айларында 15,8 трлн теңгеге жетті. Қазір 795,9 млрд теңгеге 134 жоба іске қосылып, 10,1 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.
Елімізде 1,4 мың шақырым теміржол жөндеуден өтіп, 12 мың шақырым автокөлік жолы салынып жатыр. «Талдықорған – Өскемен», «Қарағанды – Алматы», «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» жол¬дарының халықаралық талап¬тар¬ға сай жаңғыртылуы еліміздің өңіраралық байланысы мен тран¬зиттік әлеуетін айтарлықтай арттыра түседі.
Ал бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында алғашқы санитарлық-медициналық көмек көрсететін 276 нысанның құрылысы аяқталды. Оның 99-ы 2023 жылы, ал 117-і биыл іске қосылды. Келер жылы 125 нысанның құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
Президенттің тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған жаңа 217 білім ошағының құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазір 36 мектеп пайдалануға берілді. Оның 15-і ауылдық елді мекендерде орналасқан.
ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
Биыл Заречное ауылы мен Арқалық қаласында осындай екі мектеп ашылды. Тағы 2260 орындыққа 4 мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Қалған 4 мың орындық 5 мектеп 2025 жылы іске қосылады. Ағымдағы жылы 155 білім беру нысанын жөндеуге 7,0 млрд. теңге бағытталды.
Биыл көктемгі су тасқынына қарамастан, 26,7 млн тонна астық жиналды. Бұл – кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Мұны мемле-кеттің диқандарға көрсеткен жүйелі қамқорлығы мен қолдауының нәтижесі деуге болады. Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Тұңғыш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы бекітіліп, алғашқы иелеріне табысталды.
Президенттің бастамасымен сәуір айында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Жыл бойы жүргізілген акцияға 2,4 миллионға жуық адам қатысты. Жүздеген мың аула мен аумақ тазартылып, 900 мың тоннадан аса қоқыс шығарылды. Шамамен 2,5 мил-лион көшет отырғызылды. 20 мыңнан аса әлеуметтік нысанның аумағы, 4,6 мыңнан аса қоғамдық орындар, саябақтар, шағын бақтар абаттандырылды. 5 мыңнан аса тарихи-мәдени нысан және 758 субұрқақ ретке келтірілді. Өзендер мен көлдердің және басқа да су айдындарының айналасындағы 5,8 миллион шаршы метрден аса аумақ, 8,4 миллион метрден аса арық тазартылды.
МӘНСИЯ ЕСЕНАМАНОВА, Х.ДОСМҰХАМЕДОВ АТЫНДАҒЫ АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЭКОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫ МЕҢГЕРУШІСІ:
Атырау облысы басқа облыстарға қарағанда экологиямызда ерекшеліктер бар. Мұнай-газ өңдеу аймағы болғаннан кейін. Енді осы жерде әрбір адам ауадағы ластаушы заттарды қалай бағалау керектігін сол ластаушы заттардың қандай көлемде шығып жатыр.
6 қазанда АЭС құрылысына қатысты жалпыұлттық референдум өтті.. 5 561 937 азаматтың 71 пайызы АЭС салуды қолдады. Референдумнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Респуб¬ликасына мемлекеттік сапары аясында осы елдің Президенті Эмманюэль Макронмен және Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинмен құрылыс туралы пікір алмасты.
Қазақстан биыл алты халықаралық ұйымға төрағалық етті. Жыл басынан бері Мемлекет басшысы Қатар, Әзербайжан, Сингапур, Тәжікстан, Моңғолия, Франция және Мажарстан елдеріне мемлекеттік сапармен, ал Италия, Ватикан, Армения, Түрікменстан және Сербия елдеріне ресми сапармен барды. Бір жыл ішінде еліміздің бірінші борты 158 983 шақырымды ұшып өтті. Президент ұшақ пен тікұшақта 245 сағат 18 минутын өткізді. Бұл – жер шарын төрт рет айналып шыққанмен бірдей.
Биыл еліміз Түркі мемлекеттері ұйымына лайықты төрағалық етті. 80-нен аса іс-шара ұйымдастырылды. Ортақ түркі әліпбиінің нұсқасы бекітілді. Бес күн бойы Ұлы дала төсін дүбірге бөлеген V Дүниежүзілік көшпелілер ойын¬дары осы ұйымның аясында ұйымдастырылған ең маңызды шараның бірі болды. Дүбірлі додаға 90 елден 2 500-ге жуық спортшы келіп, күш сынасты.
Мемлекет басшысы отандық және шетелдік БАҚ-қа бірнеше рет сұхбат беріп, еліміздің ұстанымын білдіретін мақалаларын жариялады. Жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетінде кең көлемдегі сұхбаты жарық көрді. Онда Қаңтар оқиғасына нақты баға беріліп, ел дамуындағы өзгерістер қамтылды. Сондай-ақ Әзербайжан, Армения, ҚХР-дың ақпарат агенттіктеріне және Франция, Ресей басылымдарына мақалалары жарияланды. Сондай-ақ Президент шет мемлекеттер басшыларымен бірге БАҚ өкілдеріне арналған 14 брифинг өткізді.