Астана әкімдігі қаланы жаңа жылдық безендіруге 700 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа жылдық әшекейлер қараша айының ортасында орнатыла бастады. Қала қысқы ертегіге айналып, сырғанақтар, фотозоналар жасалып, мұз айдындары салынды. Қаланың 6 ауданында осындай 60-қа жуық орын ашылды.
Астана әкімдігінің дерегінше, биыл мерекелік безендіруге өткен жылмен салыстырғанда аз қаражат жұмсалған. Мәселен 2023 жылы Астананы әшекейлеуге шамамен 823 миллион теңге бөлінсе, биыл бұл сома 696,7 миллион теңге.
Қала аудандары осынша қаржы жұмсаған:
Нұра ауданы – 79 млн теңге;
Сарыарқа ауданы – 110 млн теңге;
Алматы және Сарайшық ауданы – 165 млн теңге;
Байқоңыр ауданы – 158,8 млн теңге;
Есіл ауданы – 183,9 млн теңге;
Бас шырша Астана Арена стадионының алдына қойылды. Нұра ауданында орналасқан Астананың бас шыршасы 25 метрге дейін жетеді. Әкімдіктің мәліметінше, шыршаға 2,5 мың ойыншық тағылған және 11,500 метр гирляндалармен, 300 строб шамдарымен безендірілген. Сонымен қатар астаналықтар мен елорда қонақтары сырғанақ теуіп, Аяз атаның үйін тамашалады.
Жалпы елордада бас-аяғы 30-дан астам шырша орнатылған. Оларға 100 мыңнан астам ойыншық пен 100 шақырымнан астам гирляндалар пайдаланылған.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордада 31 желтоқсанда жаңа жылдық отшашу жоспарланғанын айтты.
31 желтоқсанға отшашу болады деп жоспарланған. 30-дан астам қоғамдық орындар жаңа жылдық мерекелерге дайындалды. Қала жаңа жылдық мерекелерге дайын. Отшашу болады, - деді әкім ОКҚ-да өткен брифингте.
Сарыарқа ауданы кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Әділ Мұхамеджанов қаланы безендіру үшін былтырғы әшекейлер пайдаланылғанын айтты.
Көшелерді жаңа жылдық безендіру үшін былтырғы гирляндалардың, қондырғылардың және өзге де әшекейлердің бір бөлігі пайдаланылды. Қысқы демалысқа арналған бірқатар алаң арнайы тақырыптағы шағын архитектуралық нысандармен және жарық қондырғыларымен безендірілді. Аюдың, қасқырдың, аққаланың мүсіндері бар. Сонымен қатар егер келуші өз конькиін алып келсе, сырғанақ пен мұз айдындарына кіру тегін, – деді ол.
Сарыарқа ауданында 12 сырғанақ пен 4 мұз айдыны салынды. Қалалық алаңда үлкен сырғанақ пен мұз айдыны, сондай-ақ мерекелік фотосурет түсіруге арналған қолайлы тақырыптық фотоаймақтар мен табиғи шырша орнатылады.
Нұра ауданында 40-тан астам шағын сәулет нысаны орнатылды. Сондай-ақ, 4 мұз айдыны жұмыс істеп тұр.
Сарыарқа ауданында жаңа жыл мерекесіне орай Есіл өзенінің жағасында сырғанақтар, мұз айдыны, арнайы тақырыптағы шағын архитектуралық мүсіншелер мен шырша орнатылды. Ал қалалық алаңда – үлкен сырғанақ, ауданы 600 ш.м. мұз айдыны және жаңа жылдық фотоаймақтар бар. Сол сияқты 13 м табиғи шырша безендірілді.