Мәдениет және ақпарат министрлігі киноиндустрия саласы бойынша 2024 жыл қорытындыларын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Биыл 15 отандық фильм кең прокатқа шықты: «Алма мен адам», «Жел тоқтаған жер», «Алматы, я люблю тебя», «Жизнь после», «Соңғы үкім», «Жамбыл. Жаңа дәуір», «Баурына салу», «Операция «Набат», «Shulamah», «Носорог» («Дала қасқыры»), «Братья», «Солдат любви» («Стоп, ночь»), «Талақ», «Мама, я живая!», «Қажымұқан». Бұл фильмдердің барлығы мемлекет қаржысы есебінен түсірілген», — деп жазылған хабарламада.
Жеті фильм халықаралық деңгейде 34 марапатқа ие болды, ал «Баурына салу» фильмі «Оскар» сыйлығына ұсынылды.
«Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанда Қазақстан киносы күндері өтті. Бұл шаралар қазақстандық кино өнерін белсенді түрде насихаттауға ықпал етті», — деді министрлік өкілдері.
Еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі – XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі. Бұл шараға көптеген қонақтар, соның ішінде өнер және кино саласындағы танымал тұлғалар қатысты.
«Қазақфильм» киностудия мұрасын сақтау жұмыстары жалғасып жатыр. Ресей Федерациясының мемлекеттік кинофильмдер қорында сақталған және қазақстандық киноның алтын қорына кіретін 11 фильм цифрландырылуда. Ал, Кеңес Одағы кезінде «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген 7 фильм реставрациялану үстінде.
«Халықаралық ынтымақтастық аясында «Победителей видно на старте» фильмінің түсірілімдері басталды. Бұл жоба Қазақстан, Франция, Нидерланды және Литва елдерінің бірлескен өнімі. Сондай-ақ, Қазақстан Канн кинофестивалінің Marché du Film кинонарығына қатысты», — делінген министрлік хабарамасында.