Жаңа жыл қарсаңында елорда тұрғындары мен қонақтары ертегі әлеміне енгендей. Шаһардың мерекелік безендірілуі көздің жауын алады. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, астаналықтар жылан жылын бар сән-салтанатымен қарсы алуға қамданып жатыр. Қалада бірқатар архитектуралық мүсіндер орналастырылып, сырғанақтар мен мұз айдындары ашылды. Солардың біріне тілшіміз Мөлдір Жақан барып қайтты.
Астана тұрғындарын қазірден ерекше мерекелік көңіл-күй баурап алған. Жарқ-жұрқ еткен шамдар, ойыншықтар ілулі шыршалар мен әсем архитектуралық мүсіндер ғажайыптың барын сездіріп тұрғандай. Әсіресе, қыс мезгілінің бір қызығы – сырғанақтардың маңайында мәз-мейрам жүрген балақайларды байқауға болады. Мереке қарсаңында ауыл-аймақтан бас қалаға қарай ағылғандардың да қарасы көп.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Көңіл-күй өте тамаша, балалармен келдік, Атыраудан келіп отырмыз балалар ойнаснын деп каникулдың мезгілінде. Өте ризамыз, бәрі безендірілген, условие жасалған. Балалар жақсы деген баға берді.
- Жаңа жылдық безендірулер жыл сайын өте керемет бола түсуде. Көңіл-күй керемет осындай безендіру, шаралар арқасында. Барлықтарыңызды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын! Бақыт, табыс тілеймін!
- Ата-анаммен, іні-қарындастарыммен қыдырып жүрміз. Сырғанақ өте ұнап жатыр. Көңілді уақыт өткізудеміз.
Қаланың 6 ауданында осындай 60-қа жуық ойын-сауық орны ашылған. Қуантарлығы, жеке конькиі және баллоны бар тұрғындар мұз айдындары мен сырғанақтарға тегін кіре алады. Астанада қысқы безендіру жұмыстарына шамамен 700 млн теңге бөлінген. Ысырапшылдыққа жол бермес үшін былтырғы гирляндалар, қондырғылар және өзге де әшекейлердің бір бөлігі пайдаланылды.
ДАМИР ХИСМАТУЛИН, САРЫАРҚА АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Безендіруден бөлек қала тұрғындары мен қонақтары үшін бірқатар мерекелік шаралар жоспарланған. 31-ші желтоқсан кешкі сағат 9-дан бастап эстрада жұлдыздары, жергілікті әртістер және театр ұжымдарының қатысуымен концертік бағдарлама ұйымдастырылған. Сондай-ақ Аяз ата мен Ақшақар тұрғындарға тәттілер тарататын болады.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Асыр салып ойнап, көңіл көтеріп, сырғанап жүрген балаларға қарап, қызығып кеттім. Мен де дәл қазір қолыма баллон алып, балалалық шағыма оралсам ба деймін.