Былтыр жаңа жылда бір түнде 103 желісіне 56 мың қоңырау келіп түскен. Ал Алматы қаласы бойынша 5800 науқас алғашқы медициналық көмекке мұқтаж болған. Мамандардың айтуынша, биылғы көрсеткіш одан да асып түсуі мүмкін. Азаматтар мерекеде көбіне қандай шағымдармен жедел жәрдем қызметіне хабарласады? Жаңа жыл қарсаңында 24 сағат бойы жұмыс істейтін ақ халаттылармен әріптесім Айдана Шалқар тілдесіп қайтты.
АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:
Жұрт жаңа жылды қарсы алып, отбасымен бірге жылы орында көңіл көтеріп жатқан сәтте, жедел жәрдем қызметкерлері осылай түзде, күннің суығына, түннің жарымына қарамастан жұмыста жүреді. Мереке қарсаңында 103 желісіне түсетін қоңыраулар тіптен көбейіп кетеді. Дәрігерлердің той тойлайтын уақыты жоқ, олар үшін ең маңыздысы - науқастардың денсаулығы.
Ұлу жылы бастала сала, жедел жәрдем қызметіне 56 мың азамат қоңырау шалған. Алматының өзінде 5800 науқас сырқаттанып, алғашқы көмекке жүгініпті. Атаулы мерекеде бір ауысымда 1503 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмыс істейді, оның 273-і мамандандырылған, ал 1230-ы фельдшерлік бригада. Медициналық жедел жәрдем бригадасының дәрігері Ақжан Бадаевтың бұл қызметте жүргеніне 4 жыл болған. Ол демалыстың да, мерекенің де не екенін ұмытқан. Биыл жылан жылын қарсы алар сәтте де кезекті ауысымда тұрады.
АҚЖАН БАДАЕВ, МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ БРИГАДАСЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ:
Жалығатын сәттер болады негізі, бірақ өзім таңдап, өзім жақсы көргеннен кейін, көнеміз. Халыққа қызмет етем деп осы мамандықты таңдадық. 10 жыл оқыдық. Желтоқсан күні негізі шақыртулар өте көп болады. Әсіресе шақыртулар тамақтан улану, тамақтан кейінгі аллергиялық реакциялар пайда болады. Анафилатикалық шокқа дейін барады. Және ішімдікті қатты шектен тыс пайдаланған науқастар өте, есін жоғалтып қойған науқастар көп болады.
АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:
Жедел жәрдем қызметіне кезекті қоңырау келіп түсті. Қазір белгіленген мекенжайға жол тартамыз.
АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:
Науқас бүгін жаңа жылдық дастарханға азық-түлік аламын деп, базарда ұзақ жүріп қалыпты. Салдарынан, қан қысымы көтеріліп, жүрегі қысылып кеткен. Қазір алғашқы көмек көрсететін боламыз.
Шұғыл қоңырау түскенде тек дәрігер емес, жүргізуші де аяғынан тік тұрады. Оған артылатын жауапкершіліктің салмағы да ауыр. «Біз үшін әрбір азаматтың өмірі маңызды. Сондықтан мұз тайғаққа да, ұзын-сонар кептеліске де қарамай, жылдам жүйткуге тура келеді»-дейді Азамат Маметқұлов.
АЗАМАТ МАМЕТҚҰЛОВ, №6 ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІГІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ:
Осы қосалқы станциясында 10 жылдан асты жұмыс істеп жатқаныма. Әр жыл сайын жаңа жылға қарсы қарбалас көп, шақыру көп өте. Көшеде кептеліс те көп. Енді қауіп бар әрине. Біреу жол береді, көбінесе жол береді. Бермейтіндер де болады енді. Үйде бала-шағаңмен отырғың келеді, енді жұмыс болғаннан кейін жұмысты аман-есен атқарып, отбасымызға оралуымызды тілейміз әрине.
АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:
Бұл жерде шұғыл қоңыраулар түсетін 12 телефон бар. “Асқазаным шаншыды, қан қысымым көтерілді, аяғымды сындырып алдым” деген секілді шағымдармен күніне 5 мыңнан аса науқас хабарласады. Ал диспетчерлер мекенжайларды тез арада тіркеп, кезекші бригада жедел аттандырылады.
31 желтоқсанда 168 бригада жұмыс істейді. Сағат тілі 12-ні көрсеткеннен бастап, телефондар тынымсыз шырылдайды. Бұл күні жарылғыш заттардан жарақат алғандар ауруханаға жиі түседі екен.
ШАРИГҮЛ ҚАЙЫҢБАЕВА, АҚПАРАТТЫҚ-ЖЕДЕЛ ДИСПЕТЧЕРЛІК БӨЛІМНІҢ АҒА ДӘРІГЕРІ:
Кеше 5438 вызов түскен, ал мереке қарсаңында бізге 6 мыңға жуық шақырту келіп түседі. Ол жерде көбінесе температура дейміз, дене қызуының көтерілетін науқастар, одан кейін созылмалы аурулар бар, науқастардың өршу кезеңі, енді қазір қыс кезі болғандықтан жарақат алулар да көп. Жүкті әйелдер бізде, балалар көбінесе температурамен дене қызулары көтеріліп.
Медициналық жедел жәрдем қызметкерлері мереке қарсаңында пиротехникалық заттардан барынша сақ болуға, балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады. Ал егер жазатайым жайт болса, ақ халаттылар 24 сағат бойы қызмет көрсетуге әзір.