Қарағанды облысында қылмыстық түзету мекемесінің қызметкерлері сотталғандармен бірлесіп әйелдер мен балаларға тосын сый жасады. Қолдан жасалған ойыншықтар мен тәтті сыйлықтарды ертегі кейіпкерлері таратты. Кішкентай тұрғындарды құттықтап жүрген қылмыстық түзету мекемесінің қызметкерлері. Мандарин мен тәтті сыйлықтар сатып алып, оған сотталғандардың өздері жасаған ойыншықтар мен тоқыған шұлықтарын қоса әкелген. Оған балалар мәз- мейрам. Бұл отбасыларының жағдайы нашар, әкелері істі болған немесе мүлде жоқ не ажырасқан. Аналары үйде отыратындықтан сыйлық алудың өзі қиын. Сондықтан қызметкерлер оларды жылда осылай қуантады.
ТАИСИЯ ЛУКИЕНКО, КӨПБАЛАЛЫ АНА:
Ақшамыз жетпегендіктен балабақшаға бармаймыз. Күйеуіммен ажырасып кеткенбіз, ол сотталып кетті. Мен декреттемін. Өз күнімізді өзіміз көріп жатырмыз. Әрине бала бәрінен де қымбат. Оларды осындай мерекеде қуантқанға не жетсін?! Қатты қуанып қалды. Менің де алғысым шексіз. Ең бастысы балаларым қуанып жүрсе болды.
Долинка кентіндегі 30-ыншы түзету мекемесінде сотталғандар сыйлыққа әлі де ойыншықтар жасап жатыр. Олар көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына жөнелтілмек. Ал әйелдер абақтысына қызметкерлер тырнақ сәндейтін кәсіби шеберді алып барды. Ол жазасын өтеп жатқан қыз- келіншектерге сабақ өткізіп, арнайы сертификаттар табыстады.
ДАНА ӘШІРБЕКОВА, ҚР ІІМ ҰЛЫТАУ ЖӘНЕ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТАРЫ БОЙЫНША ҚТЖ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ № 36 РММ АҒА ИНСПЕКТОРЫ, ПСИХОЛОГ:
Биыл мекеме қызметкерлері тәтті сыйлықтарын алса, сотталғандар өз қолдарымен шұлықтар тоқып, тәтті букеттер жасады. Қыстың ызғарында әкенің қамқорлығына зәру балаларға жылулық беруге тырысты. Бұл бір жағынан олардың өздері үшін де тәрбие, отбасы құндылығын тануға көмектеседі.