$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қызылжарда көп қабатты үй тұрғындары басқарушы компанияның жабылатынына наразы

AstanaTV
25.05.2017ж. 20:00
2476
Қызылжарда көп қабатты үй тұрғындары басқарушы компанияның жабылатынына наразы

Қызылжарда бірнеше көп қабатты үйдің тұрғындары пәтер иелері кооперативіне наразы. Олар «Голден хаус» серіктестігі өзіне жүктелген міндеттерді орындаудан бас тартып отыр, дейді. Ал кооператив өкілдері болса, "маусымның бірі күні жабыламыз" деп жариялады. Енді халық "төлеген қаражатымыз қайтпай қала ма" деп алаңдаулы.

Театр көшесіндегі  46 үй тұрғындарының «Голден хаус» пәтер иелері кооперативіне өкпесі қара қазандай. Айтуларынша, ПИК-тер бірінен соң бірі ауыса бергендіктен, үйдің жағдайы нашарлаған. Үлкен іс тындырамыз деп келген Голден хаустың да бітіргені шамалы, дейді олар. Жөндеу жұмыстарын шала атқарған компания маусымның бірінен бастап жұмысын тоқтатпақ

Галина Волкова, Петропавл қаласының тұрғыны:

1 жарым жыл бұрын "Голден хаус" міндетіне енді кіріскен кезде жұмыстарын тиянақты істеді. Жылу құбырларындағы тесіктерді жамап, жертөледегі жылу мен су жүйелеріне жапқыштар орнатамыз деді. 36 пәтерден ақша жинап алды. Алайда  тек жартысы ғана ауыстырылды. Қалған қаражаттың қайда кеткені белгісіз. Есеп қисапты да ұсынбай отыр.

Интернационал көшесіндегі 55 үйдің тұрғындары да "Голден хаустың" жұмысына риза емес. Су, жылу және кәріз жүйелері әбден шіріп, тозуға айналған. Құбырларды ауыстыру керектігін айта-айта шаршаған бұқара енді жаңғырту жұмыстарын өздері қолға алды.

Александр Дегтярев, Петропавл қаласының тұрғыны:

Үйде екі аптадан бері ыстық су жоқ. Құбырлар әбден тозған. Ал "Голден хаус" олқылықты жоюға құлықсыз. Өзіміз ақша жинап, мердігерлерді іздестіріп жатырмыз. 

Ал басы дауға қалған компания басшылығы жабылу себебін жұмыстың тиімсіздігімен түсіндіреді. Жұрт ақшаны жырымдап береді, және бүкіл коммуналдық мәселелерінің шешілгенін қалайды, деп отыр.

Марина Кныш, «Голден хаус» басқарушы компаниясының заңгері:

Тұрғындар тек материалға ғана ақша жинап берді. Құбырлардағы жапқыштарды тегін ауыстырып жатырмыз. Бізде 17 көп қабатты үй бар. Өзімізге міндеттелген жұмыстың барлығын мамырдың аяғына дейін бітіреміз. Шығынға батқандықтан, жабылудан өзге амал жоқ.

Басқарушы компания қалалық әкімдіктің «тексеріс жұмыстарын жүргіземіз» деген сөзінен кейін тез арада жабылуға бел буды. Бұны шенеуніктер де растап отыр.

Николай Свистунов, Петропавл қаласының әкімдігі тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы: 

"Голден хаустың" жұмысына қатысты шағымдар түсе бастады. Кейін біз оларды екінші жартыжылдықта жоспарлы тексеріске енетін компаниялардың тізіміне қостық. Бірақ олар жабылатынын жариялады. Енді тексере алмаймыз.

Абзал Құрманкин, тілші:

"Голден хаус" серіктестігі жабылған соң жергілікті билік өкілдері тұрғындарға өзге кооперативтер мен басқарушы компанияны ұсынады. Бүгінде Петропавлда 500-ге жуық пәтер иелері кооперативі мен баспаналардың шаруашылығымен айналысатын 4 компания бар. Бұқара осылардың кез-келгенін таңдай алады. Алайда, тағайындалған тұлғалардың өз жұмысын тыңғылықты атқаратынына ешкім кепіл беріп отырған жоқ.