$526.5 €611.64 ₽6.72
×

Ақтаулық тұрғындар төменгі қабатта орналасқан дәмхана жұмысына наразы

AstanaTV
25.05.2017ж. 20:00
3122
Ақтаулық тұрғындар төменгі қабатта орналасқан дәмхана жұмысына наразы

Тамақ пен майдың иісінен тұншығып біттік. Осылай деген ақтаулық тұрғындар үйлерінің төменгі қабатында орналасқан дәмхана жұмысына наразы. Күні бойы қуырылған май мен өзге де иіс пәтерімізді жайлап алды, дейді. Айтуларынша, кәсіпкерлік нысанының ауа реттегіші көпқабатты үйдікіне жасырын жолмен жалғанған. Жалға алушы кәсіпкер болса, мұны негізсіз деп отыр.

Міне, ауа сорғышты біздің ауа сорғыштың орнына қойған. Бұл жерде біздікі тұрған еді. Бірінші қабаттан тоғызыншыға дейін баратын.

Баспана тұрғындары: "3 жылдан бері таңертең донер, гамбургер мен қуырылған тауық етінің иісімен ұйқысын ашуға әдеттенген. Дәмхана тәулік бойы жұмыс істейтіндіктен, иістен арылу мүмкін болмай тұр, дейді олар.

Нұрлан Ғазизов,  Ақтау қаласының тұрғыны:

Дәмхана иесі «жұмыстарың болмасын, біз тиісті адамдармен келіскенбіз» деп, бізді жолатпайды. Демек, мемлекеттік органдармен мәселені шешіп алған. Біз шағымданамыз десек, «білгендеріңді істеңдер, одан ештеңе шықпайды» дейді.

Кәсіпкердің көпқабатты  үйдің ортақ мүлкін заңсыз пайдаланып отырғанына, тұрғын үйге қызмет көрсетуші компаниядағылар да сенімді

Валид Құлмұхамбетов, «Ақтау жан» ЖШС директоры:

Олар алдымен тұрғындардың келісімін алу керек еді. Бәрінен болмаса да, үштен екі бөлігін сұраулары қажет еді. Бірақ олай болмаған.

Дәмханадағылар заң аясында жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Алайда жалға алушылар тұрғындардың наразылығынан жиі ауысатынын айтты.

Еркебұлан Қазанбаев, дәмхананы жалға алушы:

Мен екі күн бұрын ғана келдім. Оған дейін басқалар жұмыс істеді. Оларды да көп тексеріп, шаршатқанға ұқсайды. Мен алдым, міне, жұмыс істеп жатқаныма екі күн болды. Өзімді ешкім мазаламас үшін,  құжаттардың бәрін ретке келтірмекпін.

Қаланың тұрғын үй инспекциясы, бұл мәселені сот арқылы шешуге кеңес береді.

Бақыт Меңдібаев, Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясының бас маманы:

Біз Тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес қажетті акт толтырамыз. Заң талаптарына сай мұндай келіспеушіліктер сот арқылы шешіледі. Біз заңды ма, заңды емес пе, соны анықтаймыз, тұрғындар сол арқылы сот орындарына шағым түсіре алады.

"Жығылған үстіне жұдырық" дегендей, тұрғындардың айтуынша, дәмхананы жалға алушы кәсіпкер, дәл осы баспанадан тағы бір тамақтану орнын ашуға қамданып жатыр. Ал  қожайынымен тілдесу мүмкін болмады. Тұрғындар енді ауа реттегіш қондырғы мәселесін сот арқылы шешуге тырысып көрмек.

Кемал ЖАҚСЫБЕК