$525.11 €546.74 ₽4.88
×

Қаңтар оқиғасы туралы алып қашпа әңгімелер толастамай тұр — Тоқаев

AstanaTV
03.01.2025ж. 13:32
221
Қаңтар оқиғасы туралы алып қашпа әңгімелер толастамай тұр — Тоқаев

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Қаңтар оқиғасының мән-жайын толық әрі шынайы тергеп-тексеру туралы тапсырма бергенін, тергеу ашық жүргізілгенін айтты.

Журналист ел ішінде «Қаңтар оқиғасының құпиясы толық ашылған жоқ» деген пікір бар екенін айтып, президенттің пікірін сұрады және «Ондай қасірет қайталанбауы үшін не істеу қажет?» деген сұрақ қойды.

«Қаңтар оқиғасынан үш жыл өткенде азаматтарымыздың көпшілігі елімізде бұрын-соңды болмаған осы дүрбелең көпе-көрінеу әлеуметтік әділетсіздіктің, саяси тоқыраудың, сондай-ақ қаскөйлердің шектен тыс менмендігінің және олардың халық пен мемлекет тағдырына немқұрайлы қарауының кесірінен орын алғанына әбден көз жеткізді. Өкінішке қарай, бұл – әлем тарихы үшін қалыпты жағдай. Мұндай жайттар Қазақстандағы оқиғаға дейін де болған, кейін де бола береді деп ойлаймын. Қаңтар туралы түрлі долбарға толы алып қашпа әңгімелер толастамай тұр. Оның үстіне, белгілі бір саяси есебі бар, сыңаржақ ұстанымдағы кейбір адамдар деректерді бұрмалап, азаматтардың көңіл күйін өз пайдасына бейімдеуге тырысады. Тәртіп орнатуға және ахуалды тұрақтандыруға қатысты батыл шаралар қабылдаған соң, мен құзырлы органдарға Қаңтар оқиғасының мән-жайын толық әрі шынайы тергеп-тексеру туралы тапсырма бердім. Тергеу ашық жүргізілді. Қылмыскерлер жазасын алды. Парламентте біздің арғы-бергі тарихымызда бұрын-соңды болмаған арнайы тыңдау ұйымдастырылды», — деді Тоқаев.

Оның сөзінше, алғашқы парламенттік тыңдау Қаңтар оқиғасынан кейін үш айдан соң, ал екіншісі бір жылдан кейін өткен. Тыңдау барысында мемлекеттік органдардың өкілдері ғана емес, құқық қорғаушылар да сөз сөйледі. 

«Түрлі ой-пікір ашық айтылды, жайсыз сұрақтар қойылды. Мұның бәрі тікелей эфирде көрсетілді, бұл процесс туралы еліміздің және шет мемлекеттердің бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Билік халықтың көкейінде ешқандай күмән қалмауына мүдделі болғандықтан, мұндай қадамға саналы түрде барды. Қаңтар оқиғасы туралы сөз бол­ғанда, әр адам сол күндері көліктердің қирағанын, дүкендердің тоналғанын, қаскөйлердің мемлекеттік ғимараттарды басып алғанын, сарбаздардың соққыға жығылғанын, қару-жарақтың ұрланғанын және әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырағанын еске алуы керек. Жауапкершіліктен жұрдай саясаткерсымақтардың шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратып, мемлекеттігімізге шынымен де қатер төнген сәтті жұрттың жадынан өшіру үшін әрекет жасауына жол бермеу керек. Абырой болғанда, азаматтардың көбі күріштен күрмекті айыра алады. Мемлекетіміздің тірегі – осындай көзі ашық, көкірегі ояу адамдар», — деді ол.