2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш мөлшері 240 теңгеге өсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Биыл АЕК мөлшері 3692 теңгеден 3932 теңгеге көтерілді. Мұның жақсы жағы – жәрдемақы мен зейнетақы көлемі де өседі. Дегенмен айыппұл көлемі де осы айлық есептік көрсеткіш сомасына қарай ұлғаяды.
Биыл жол ережесін бұзғанда салынатын айыппұл сомасы 6%-дан аса өсті. Мәселен, биыл белгіленген межеден 20 шақырым сағатқа асырғандарға 19660 теңге айыппұл қарастырылған. Сол сияқты 40 шақырым сағатқа дейін жылдамдық асырғандар 39 320 теңге төлейді. Сағатына 40 шақырымнан асыра қатты жүргендер 78 640 теңге шығынданады.
Сондай-ақ жүргізуші куәлігі жоқ болса да, көлік жүргізгендерге 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл белгіленген. Жол белгілерін немесе жолақтарды елемей, басып өткендерге 11 796 теңге айыппұл салынады. Бағдаршамның қызыл шамына өтіп кеткендер алғашында 39 320 теңге төлейді. Ал сол тәртіпбұзушылықты қайталаса, 58 980 теңге шығындануға мәжбүр болады.
Былтыр желтоқсанда күрежолдағы орташа жылдамдықты өлшейтін режим енгізілді. Бұл режимге сәйкес, 1-а санатындағы жолдардағы орташа жылдамдық сағатына 140 шақырымнан аспауға тиіс. Ал 1-б немесе 2-ші санаттағы жолдарда сағатына 110 шақырым жылдамдықпен ғана жүру керек. Ал егер жүргізуші бір нүктеден екінші нүктеге белгіленген уақыттан бұрын барып қойса, жолда жылдамдықты асырған деген сөз.
- Қазір біз 16 учаскені анықтадық. Жаңа режим осы аралықтарда сынақтан өтіп жатыр. Әзірге ешкімге айыппұл салынған жоқ. Бірақ бір айдың ішінде орташа жылдамдықты асырған 500-ден астам дерек тіркелді, – деп хабарлайды ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.
Биылдан бастап мопедтер де тіркеуге алынады. Яғни, алдағы сәуір айынан бастап мопед иелері көліктерін міндетті түрде тіркеуге тиіс. Жол ережесін бұзған жағдайда басқа көліктер сияқты оларға да айыппұл салынады. Электромобиль қожайыны да өз көлігіне арнайы белгі орнатуға міндеттеледі. Ал егер ол белгі болмаса, 11 796 теңге айыппұл төлеуге тиіс. Бұл арнайы белгілерді көлік құралдарын тіркейтін орыннан алуға болады. Сондай-ақ шетелдік номермен жүрген жүргізушілер де көлігін міндетті түрде тіркеуі керек. Ал тіркемеген жүргізушілерге 196 600 теңгеден 2 млн 200 мың теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. Бұл жерде айыппұл сомасы көлік қозғалтқышының көлеміне қарай өзгереді.
Былтырғы 11 айда қазақстандықтар жол ережесін бұзғаны үшін 217 млрд теңге айыппұл төледі. Бұл қаржының басым бөлігі, яғни 160 млрд теңгесі жергілікті бюджеттерге түскен. Былтыр жолдағы апат азайды. Әсіресе республикалық маңыздағы жолдардағы апаттар 15%-ға кеміген. Ал тәртіп сақшылары жаңа ережелер жол-көлік оқиғаларының азаюына ықпал ететініне сенімді.