Қазақстан парламенттік басқару жүйесіне көшуі мүмкін. Бірақ оған әлі талай жұмыс істеу керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік биліктің саяси жүйесін таңдау бойынша "Ана тілі" газетіне берген сұқбатында осылай деді. Ол Президенттік басқару - Қазақстан үшін қазір де, таяу кезеңде де ең ұтымды тәсіл деп сенім білдірді. Ал Парламенттік басқару жүйесі әзірге әлемдік тәжірибеде жақсы қырынан көрінген жоқ. Сондықтан Қазақстан бұл жүйеге өтуге әлі асықпайды. Бұған қоса сарапшыларда Қазақстандағы қазіргі билік жүйесінің жемісті екенін айтады.
АЙДАР ӘМІРЕБАЕВ, ФИЛОСОФИЯ, САЯСАТТАНУ ЖӘНЕ ДІНТАНУ ИНСТИТУТЫ САЯСИ ЗЕРТТЕУЛЕР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Меніңше жалпы қазіргі қалыптасып келе жатқан үш басы бар билік, яғни мықты Президенттік билігі және өте авторитеті, беделді парламент билігі және жауапкершілігі мол атқарушы билік. Меніңше қазіргі Қазақстанға сай келетін жалпы жүйе деп айтуға болады.
Ал, елімізде мерзімінен бұрын парламент сайлауы өте ме? Қоғам арасындағы осы әңгімеге де нүкте қойылды. Президент Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге әзірге еш негіз жоқ деді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сайлау заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес өтеді. Парламент өзіне тиесілі мерзім аясында қызметін атқаруға құлықты. Ал Үкімет бекітілген бағдарламалар мен жоспарларға сәйкес әрекет етіп, оң нәтижеге жету үшін жұмыс істеп жатыр. Стратегиялық міндет – тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, еліміздің өңірдегі көшбасшы мәртебесін нығайту.