$517.84 €543.11 ₽5.28
×

600 мың қызметкердің жалақысы өседі

06.01.2025ж. 20:00
179
600 мың қызметкердің жалақысы өседі

Биыл жалақы екі есеге көбейеді. Дәлерек, 600 мың адамның еңбек ақысы өспек. Айылығы артатындардың дені – жұмысшы мамандық иелері. Әсіресі техникалық қызметте жүргендер үшін тиімді жыл болғалы тұр. Мұның барлығы Президент тапсырмасы аясында орындалып жатыр. 

Мемлекет басшысы 2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында жалақы мәселесіне ерекше тоқталды. Артынша айлық артуы үшін тиісті шара қабылдансын деген пәрмен берді. Содан бері жыл сайын әр саладағы маман иелерінің еңбек ақысы артып келеді. Биыл да жақсы жаңалық бар. 600 мың азаматтың алатын теңгесі екі есеге көбеймек.

БАҒЛАН ҚАСЕНОВ, ҚР ЕХӘҚМ ЕҢБЕКАҚЫ ТӨЛЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

2022 жылдан бастап азаматтық қызметшілердің жалақысын орта есеппен 20 пайызға арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс 2025 жылы жалғасын табады. Нәтижесінде азаматтық қызметшілердің жалақысы 2021 жылмен салыстырғанда екі есеге артатын болады.

Биыл еңбегі үшін көбейген жалақы алатындардың қатарына бухгалтер, экономист, заңгерлер мен мұрағатшылар қосылды. Кітапханашы, мұражайтанушы, орманшы және техникалық персоналдардың да айлығы артты.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:

Менің де мамандығым экономист болғандықтан Президент өзінің баяндамасында айтты. Қазіргі экономикаға реформа жасайтындар көбінесе шетелдің бір жағымды сөздерін әкеліп, бірақ ол біздің экономикаға, шаруашылығымыз байланысы жоқ деп. Осы саланың мамандары егерде жалақыларымен қосымша мотивация алатын болса онда экономикалық өсімнің де алғышарты осы мамандардан басталады.

Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. «Ана тілі» газетіне берген сұқбатында бұл еңбек адамының абырой-беделін көтеретінін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жұмысшы мамандықтар мол әрі тез табыс табу тұрғысынан қызықтыра қоймауы мүмкін. Бірақ бұл мамандықтардың еңбек нарығында сұранысқа ие болатынына да, қоғамдағы мәртебесі жоғары болатынына да кепілдік бар. Мен кәсіпорындарды аралаған кезде жастарды жиі жолықтырамын. Олардың арасында жұмысшы әулеттерінің өкілдері көп екені көңіл қуантады. Мемлекеттің міндеті – жас мамандарға материалдық және моральдық жағынан көмектесу. Мен бұл шаруамен үнемі айналысамын.

Жалақыдан бөлек, биыл барлық әлеуметтік төлемнің көлемі артады. Зейнетақы 8,5 процентке, ал балаларға арналған жәрдемақылар, шамамен, 6,5 пайызға көтеріледі.