$524.75 €540.6 ₽5.12
×

Мемлекет басшысы елордадағы бірқатар нысанды аралады

06.01.2025ж. 20:00
143
Мемлекет басшысы елордадағы бірқатар нысанды аралады

Былтыр 11 мың орындық 40 жатақхана пайдалануға берілді. Ал, биыл 10 мыңға дейін ұлғайған. Қазір бір ғана Еуразия ұлттық университетінде сегіз Студенттер үйі бар. Тағы бас қалада 3400 студентке арналған 7 нысан ашылады деп жоспарланған. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың студенттермен кездесуінде айтылды. Мемлекет басшысы бұдан бөлек елордадағы бірқатар нысанды аралап көрді. Толығырақ әріптесім айтады. 

Президент ең алдымен Kazakhstan International School Astana мектебіне барды. 20 мың шаршы метрден астам аумақта орналасқан білім беру мекемесі 800 оқушыға және мектеп жасына дейінгі 120 балаға есептелген. Мектеп халықаралық бакалавриат аккредитациясынан өткен. Оқу кабинеттері әрбір оқушының алаңсыз білім алуына және қарым-қабілетін ашуына қолайлы жағдай жасайтын заманауи технологиялармен жабдықталған. Мектепте футбол стадионы, теннис корты, шағын футбол алаңы және бассейн секілді спорт инфрақұрылымы қарастырылған.

Мемлекет басшысы осыдан кейін спорт орталығының жұмысымен танысты. Ересектер мен балалар ұзындығы әртүрлі бес бассейнде жаттыға алады. Топтық жаттығулар 25 бағыт бойынша жүргізіледі. Мұнда кәсіби жаттығу залы да бар. Академияны жоғары технологиялық үлгіде жабдықтауға баса назар аударылған. Бассейндерге судың құрамы мен реагенттердің мөлшеріне автоматты түрде талдау жүргізетін әрі тиімді залалсыздандыру мен қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін испандық қондырғы қойылған.

Мемлекет басшысы Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне арналған 2656 орындық жаңа жатақхананы аралап көрді. Студенттер үйі үш заманауи блоктан тұрады. Олардың әрқайсысы студенттердің жайлы тұрмысы мен білім алуына мүмкіндік беретін коворкинг аймақтармен, кітапхана, спорттық және коммерциялық орындармен жабдықталған.

Мемлекет басшысы жатақханада студенттермен әңгімелесіп, Ana tili газетіне берген сұхбатында айтқанындай, елімізде цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытуға ерекше мән берілетінін, бұл озық технологиялар әр салаға енгізілетінін жеткізді. Президент бұл ретте жастарға айрықша үміт артатынын атап өтті.

Бұдан кейін Президент электровоз құрастыру зауытының жұмысымен танысты Кәсіпорында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының тапсырысымен 380 жүк және 70 жолаушылар электровозы шығарылған. Сондай-ақ олардың қосалқы бөлшектері өндіріледі. Жүк электровоздарының 80 секциясы Әзербайжанға экспортталған. Қазір компания Астана, Алматы, Шу және Арыс қалаларында сервистік орталықтар ашуға инвестиция құйып жатыр. Бұл 700 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Расында жұмысшы мамандардың мәртебесін біз көтеруіміз керек. Клешекте еліміз үшін ең алдымен жұмысшылар керек.

Президент құрылыс индустриясы нысандарымен де танысты. Asyl Qala – 100-ден астам адам еңбек ететін арнаулы кәсіпорын. Жобаға құйылған инвестиция көлемі 8 миллиард теңге. Кәсіпорынның қуаты тәулігіне 4500 шаршы метр тротуар жабындысын өндіруге жетеді. Құрылыстың екінші кезеңі аяқталған соң бұл көрсеткіш 9000 шаршы метрге дейін ұлғаяды.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы автоклавты газ блоктарын шығаратын Uniton зауытымен танысты. Sensata Group құрылыс компаниясына қарасты кәсіпорын жылына 150 мың шаршы метр газ блоктарын өндіре алады. Жоба «Даму» қоры және Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қаржыландырылған. 110 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс индустриясы экономиканың маңызды бағыты екенін атап өтіп, жергілікті өнім көлемін арттыру қажеттігін айтты.