$527.23 €544.05 ₽5.05
×

Мәжіліс депутаттары өңірлерді аралап, проблемалық мәселелермен танысты

06.01.2025ж. 20:00
327
Мәжіліс депутаттары өңірлерді аралап, проблемалық мәселелермен танысты

Құрылысы бітсе де, пайдалануға берілмеген емхана. 4 жыл бұрын басталып, тұралап қалған заманауи орталық. Мәжіліс депутатары өңірлерді аралап, тұрғындармен кездесті. Одан бөлек, бірқатар проблемалық нысандардың басына барды. Халық қалаулылары қандай мәселе көтереді? Атқарылып жатқан жұмыстарға көңілдері толды ма? Толығырақ, әріптесім Еркелді Тілеуқұл баяндайды. 

Жамбыл облысында жаңадан салынған заманауи амбулатория әлі күнге дейін ел игілігіне берілмей отыр. Себебі, 370 млн теңге жұмсалған нысанның құрылысы біткенімен құжатында шикілік көп. Амбулаторияның құрылысы 4 айда аяқталуы тиіс болатын.

ГҮЛДАРА НҰРЫМОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Нысан дайын, жабдықтар дайын. Енді осы жерге кіріп жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Бірақ құжаттар лицензиясы бар соның бәрі уақыт алады. Бір-екі айда кіретін болады. Бірақ осы мерзімді қысқартуға барлық жағдай жасау керек деп ойлаймын. Енді біз де осыған көмектесуге дайынбыз.

Өскемендегі гематология орталығының құрылысы биыл аяқталады. Құрылыс 2020 жылы басталған. Құны 71,3 млрд теңге. Алайда, қаржылық қиындықтар пайда болып, нысандағы жұмыс тұралап қалған. Нәтижесінде, Президент тапсырмасы бойынша қайтарылған активтер есебінен 33 млрд теңге бөлінді. Халық қалаулыларының айтуынша, бұл қаражат барлық жұмысты аяқтауға жетуі тиіс. Болашақта, бұл орталық тек өңір үшін ғана емес, бүкіл ел ішінде бірегей мекеме болмақ.

ЕРЛАН САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Тек қана гематология емес, бұл жерде кардиология, балаларды емдейтін сияқты әртүрлі бағыттар болады. Өткенде келгенде қаржыны бөлу мәселесін Үкіметтің алдында қойдық. Сол мәселе шешілді. Аманат партиясының бағдарламасы іс жүзінде асып жатыр.

Ақтөбе облысында Мәжіліс депутаттары Жұлдыз Сүлейменова мен Қазыбек Әлішев партияның сайлауалды бағдарламасы аясында салынған Балалар футбол академиясына барып, жұмысымен танысты. Онда 6 мен 18 жас аралығындағы мыңға жуық бала жаттығады. Спорт кешені заманауи стандарттарға сай салынған. Мұнда спортшылар жыл бойы жаттығатын үлкен жабық манеж бар. Жаттығу залы, оңалту және емдеу сауықтыру кабинеттері қарастырылған. Кездесу барысында халық қалаулылары балалардың үлкен спортқа дайындық мәселесі секілді өзекті мәселелері талқыланды.

ҚАЗЫБЕК ӘЛІШЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Футбол академиясына келген себебіміз осы мәжілісте қазіргі таңда спорт туралы заңға өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басты мақсат біздің президентіміз айтып кеткендей жалпы елімізде осыған дейін қолдау тауып келген 103 спорт бағыттары бар.Соның нақты осы бағыттардың олимпиадалық түрлері мен спорт түрлерін сонымен қатар бұқаралық спорт түрлерін ғана қалдырып, қалған бағыттардан кету. Басты сұрақтардың бірі осы жерде қойылған ол мынау жаттықтырушылар жалақысы мәселесі жоғарылату мәселесі, осындағы жас жаттықтырушыларды тұрғын үймен қамту мәселесі де көтерілді.

Қызылжарда мәжілісмендер дамбаның құрылысымен танысты. Бүгінде ойқала шағын ауданындағы Есіл өзенінің бойында орналасқан бөгет жаңғыртылып жатыр. 1960-жылы салынған нысан былтырғы алапат су тасқынына төтеп бере алмады. Сондықтан жергілікті билік оны 7 метрге дейін көтеріп, енін 6 метрге дейін ұлғайтқан. Сондай-ақ, ақ балшықтың үстінен бетон тақтайлар төселіп жатыр. 1300 метрге созылған алып нысанға 850 миллион теңге бөлінген. Айта кетейік, бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында дәл осындай 8 бөгет бой көтеріп жатыр.

ЕРКЕБҰЛАН МӘМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, “AMANAT” ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

1.3 шақырым бөгет жасалып жатыр. Бүкіл құжаттар дайындалып, сараптама өткізілді. Өз көзімізбен көрдік, бүкіл технологиялар сақталған. Алла жазса алдымызда тасқындар болса да, биіктігі де көтерілді және сапасы да.

Жаңа бөгет Ақмола облысында да салынуда. Аршалы ауданындағы Анар ауылында көл бойына 1400 метрлік жаңа бөгет құрылысы қазу жүргізілуде. Оны қайта жаңғырту барысы мен көктемгі апатқа қарсы дайындық жұмыстарын мәжіліс депутаты Наталья Дементьева тексерді. Анаркөлдегі бөгет салу жұмысының сапасы осы кезге дейін де, алдағы уақытта да “AMANAT” партиясының тікелей бақылауында.

НАТАЛЬЯ ДЕМЕНТЬЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, “AMANAT” ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Осы дамбы құрылысы Аманат партиясының жол картасының шеңберінде жасалып жатқан жоба. Құрылысты бастаған подрядчиктің сөзіне сүйенетін болсақ барлығы жоспармен, өз уақытында істелініп жүр, дегенмен біз депутаттар болып ең алдымен мемлекеттік қаражат есебінен берілген қаражатты, соммасын дұрыс бақылауымыз қажет.

Астана шетіндегі Үркер тұрғын алабында «Жайлы мектеп» пайдалануға беріледі. Ол 3 тоқсаннан бастап оқушылар үшін есігін айқара ашпақ. Тез өсіп келе жатқан шағын ауданда осыған дейін мектеп жетіспеушілігі қатты байқалды. Енді 2000 бала заманауи стандарттар бойынша салынған оқу ордасында білім алмақ. Нысанмен танысуға келген Мәжіліс депутаттары қыруар қаржы жұмсалған мектептегі әр детальға мән беріп, керек жерде өз ұсыныстары мен ескертулерін де айтты.

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Елімізде мектеп инфрақұрылымының өзінде үлкен мәселелер бар. 2024 жылы жолдауында Мемлекет басшысы: «2025 жылы елімізде 217 «Жайлы мектеп» қолданысқа беріледі», - деді. Бұл, әрине, аз емес. Дейтұрғанмен, мектептерді, ондағы білім сапасын жақсарту үшін біз бұл мәселені тереңірек зерттеуіміз керек. Әлдеқайда сапалы мектептер салуымыз керек. Соның бір тетігі осы – «Жайлы мектеп».

Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары 5 қаңтардан бастап өңірлерді аралауда. Негізінен, әлеуметтік және өнеркәсіптік мекемелерге барып, ондағы қызметкерлермен кездесіп, жай-күйлерін білуде. Одан бөлек, тұрғындардың жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізуде.