Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Бейіт орнату бойынша тиісті заң жоқ. Қорымдардағы бассыздық.

AstanaTV
27.05.2017ж. 20:00
3911
Бейіт орнату бойынша тиісті заң жоқ. Қорымдардағы бассыздық.

Қайтқан адамды ...кез-келген жерге көмуге болады. Олай дейтініміз, бейіт қазу, зираттардың орналасуын реттейтін заң жоқ. Әрине, адамдардың кез-келген бұрышта жерленбейтіні анық. Бірақ... Бірақ әруақты қорлау түк емес пенделер, ғұрыптық агенттіктер болатыны да анық. Ондай оқиға болып та жатыр. Солтүстік өңірде Абзал Құрманкин зерттеп көрді.

Павлодар тұрғыны Валерий Худяковтың 2-дүниежүзілік соғысқа қатысқан  әкесі 2002 жылы мәңгілік мекеніне аттанады. Әкесінің басына жылына кемінде 4 рет барып тұрады. Ал, жуырда ол қарияның дәл қасында бөтен бір кісінің жерленгенін көреді. Жер жетпегендей, ардагер моласының қасында тұрған ағаш пен орындықты жұлып алып, өзге марқұмды қойған. Төбе шашы тік тұрған азамат санитарлық және этикалық нормаларды елемеген адамның әдепсіздігіне таң қалды.

Валерий Худяков,  Павлодар қаласының тұрғыны:

Мынаны көрген кезде жүрегім қысылып қалды. Бұл кісі бізге туыс емес. Ұлы Отан соғысына да қатысы жоқ. Менен ешкім рұқсат та сұраған жоқ. Мен бұны осылай қалдырмаймын.

Аруақтың қорланғанына намыстанған Валерий Худяков көп кідірместен прокуратураға арызданған. Құзырлы органдар тез арада жерлеу рәсімімен айналысқан кәсіпорынды тауып, олқылықты жоюды талап етті. Қорымды басқарумен айналысатын компания өкілі дереу басқа жерден орын тауып, зиратты көшірді. Ал кінәні марқұмдар мекенінің көрушісіне сілтей салды.

Анатолий Конвишер, қорымды басқару кәсіпорнының директоры:

Қабірлердің ара-қашықтығы жарты метрден кем. Сондықтан жаңадан жерленген кісінің туыстарын шақыртып, олармен ақылдасып, мәйітті басқа жерде жерледік. Бастапқыда зират көрушісі жерлеу рәсімін байқамай қалса керек. Проблема осыдан басталды. Қазір бәрін қалпына келтірдік.

Дәл осындай оқиға Қызылжарда да қайталанды. Жуырда марқұм Анна Харинаның қасында тағы бір қабір пайда болды. Жерлеумен айналысқандар бұл жолы тіпті марқұмдардың арасында мүлдем орын қалдырмаған. Бұған қоса, ескі қоршауды бұзып тастап, жаңасын тұрғызған.

Сергей Скоробогатых, зират қараушысы:

Ата-аналар күнінде анасына тағзым етуге келген кезде ол мынаны көріп шошып кетті. Табытты бірінің үстіне бірін орнатқан деуге болады. Анна Харинаның баласы бірден полицейлерге арыз жазды. Қазір бұл оқиғамен тәртіп сақшылары айналысуда.

Абзал Құрманкин, тілші:

Біз зиратты түсіру барысында басқа да адам шошырлық жағдайларға тап болдық. Новопавлов зиратының шетінде белгісіз біреулер қабір орнын қазып жатқан кезде басқа табыттарға кезігіп, оларды жер бетіне шығарған. Вандалдар сүйектерді қайтадан жерлеудің орнына, оны апарып орға тастапты. Сүйектердің шашылып жатқанын жергілікті тұрғындар сенбілік кезінде байқаған.

Сүйекті қорлау, аруаққа қиянат жасаумен бірдей болады. Мұндай бассыздыққа мүлдем жол бермеу керек,- деді Қызылжар орталық мешітінің бас имамы.

Кенжетай қажы Байкемелұлы, «Қызылжар» орталық мешiтiнiң бас имамы:

Бұл аруақтарға өте зиян болады. Аруақтардың әлемде оның жандары алланың ғазабында, не болмаса, жәннаттың бір бөлшегінде дейді. Сондықтан мынау дінімізде болсын, аруақтарға болсын және тірі жүрген, осы жер басып жүрген адамзат баласына да оның істейтін кінәсі үлкен, ауыр болады. Шашылып жатқан адам баласының сүйегі болса, қандай дінде болмасын, біз оны қара жердің қойнына беріп, шүберекке орап, қоюымыз керек.

Петропавл маңайындағы 5 зираттың барлығына да жауапты «Петроспецобслуживание» компаниясы теріс әрекеттерді бәсекелестерінен көреді. Шартқа сәйкес қабірлердің орналасу ретін зиратқа жауап беретін мекеме тағайындауы тиіс. Марқұмдардың тізімін құрып, молалардың бір ретпен тұрғызылуын да қадағалайтын солар. Алайда, мұндай жерде де бүйректен сирақ шығарып жүретіндер табылады. Кәсіпорын өкілінің айтуынша, ортақ талаптарға бағынбайтын «АИД» ритуалды агенттігінің кесірінен қорым басында жүретін орын қалмаған. Біріне бірі тақалып қазылған қабірлер былай тұрсын, кейбір молалар жолдың қақ ортасында тұрғызылады. Бейіт бақылаушылары жүйелі түрде жүргізілмеген жұмыстың салдарынан марқұмдардың медициналық хаттама нәтижесінен де бейхабар екен.

Ирина Скоробогатых,  ритуалды агенттік директорының орынбасары:

Біз жерлемеген кісінің қандай жағдайда қайтқаны, медициналық анықтамасы бізге көрсетілмейді. Мүмкін арасында азаптап өлтірілген кісілер де бар шығар. Бұдан бөлек, біз мәйіттерді ортақ базаға тіркейміз. Ертең туыстары іздестірген кезде жерленген орнын бірден табу үшін. Алайда, тізімде бірсыпыра есім жоқ. Сосын АИД агенттігі біршама талаптарды орындамайды. Моланың тереңдігі кемінде 1,5 метр болуы шарт. Бірақ, олар кейде 1,3 метрмен шектеледі. Ертең жер асты суы немесе еріген қар суы мәйітті жер бетіне шығаруы мүмкін. Оның құрамында улы заттар бар. Ал сол су маңайдағы жеке секторларға ағады.

Қазір Петропавл маңайындағы зираттардың төртеуі әбден толып, ресми түрде жабылған. Жаңа қабірлерді тұрғызу тек шалғайда орналасқан қорымда ғана рұқсат. Алайда, жұрттың көбі жақын-жұрағатының аруағына тағзым ету үшін алысқа бармай, қалаға тиіп тұрған жерлерді қалайды. Жабылған марқұмдар мекенінде бос орынды табуға болады. Тегін емес, әрине. Новопавлов зиратының көрушісі осындай пікірде.

Сергей Скоробогатых, зират қараушысы: 

Жабылған жерлерде бос орындар сатылады. Мен өзім көрген жоқпын. Бірақ естігенім бар. 200-300 мың теңге. Одан қымбаттары да бар. Тұрғындар зираттың ортасына бармай, туғандарын жолдың қасында жерлеу үшін қыруар қаражат төлейді.

Бәсекелестерінің ашуын келтіріп отырған «АИД» ритуалды агенттігі зират шетіндегі табыттардың қазылғанынан бейхабар екен. Алайда, өз бетінше жұмыс істегенін мойындап отыр. Дегенмен заңға қайшы әрекеттер жасалған жоқ, дейді. Себебі, қолында тиісті құжаттардың барлығы бар.

Андрей Овчеренко, жеке кәсіпкер:

Біз марқұмның медициналық хаттамасын алмайынша, оны жерлемейміз. Патент және тағы басқа тиісті құжаттардың бәрі менде бар. Маған шектеу қоятын зиратқа жауапты компанияның құқы жоқ.  Біздің бағаларымыз бәсекелестірімізбен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Олар қабірді 41 мың теңгеге қазады, ал мен 25-30 мың теңгеге қанағат тұтамын. Олар соған жынданатын шығар.

Шын мәнінде зиратқа жауапты мекеменің өзге ритуалдық кәсіпорындарға шектеу қоятын құқы жоқ. Қабірлерді орналастыру талаптары бар болғанымен, бұл ереже заңмен бекітілген емес. Ритуалды агенттіктердің босаңсып жүргені де осыдан. Заңның жоқтығынан жүгенсіз кеткен кәсіпорындарды не жергілікті билік өкілдері, не тәртіп сақшылары жауапқа тарта алмайды.

Анатолий Мишин, Петропавл қаласы әкімінің кеңесшісі:

2000 жылдары облыстық мәслихат депуттары жерлеу тәртібінің ортақ ережесін құрған. Алайда, 2009 жылы заң шығару жүйесі өзгеріп, біз шығарған ереже күшін жоғалтып алды. Себебі заң болмаса, өңірлерде ережелерді бекітуге рұқсат жоқ. Осыған байланысты тұрғындардың тарапынан арыздар көптеп түсуде.

Зираттардағы тәртіпсіздікті жоюға сенатор Ольга Перепечина кірісіпті.  Премьер-министрге депутаттық сауал жолдады.

Ольга Перепечина,  ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

СҚО Петропавл қалалық мәслихаты депутатының жерлеу тәртібі мен зираттарды күту, сондай-ақ олардың бұзылғаны үшін әкімшілік жауапқа тарту мәселесінің заңды тұрғыдан реттелмеуі жөніндегі өтініші менің сауал жолдауыма түрткі болды. Өтінішке сәйкес, жерлеу рәсімі мен зираттарды күтуге қатысты нақты ережелердің жоқтығынан қиын жағдай қалыптасып отыр. Белгілі стандарттардың болмауынан түрлі заңбұзушылықтар орын алуда. Осыған байланысты бұл жұмысты жүйелеуді ұсынамын.

Премьер шілденің біріне дейін ереженің тұжырымдамасын жасауды міндеттепті. Артынша бұл жоба Парламентке түсетін шығар. "Әй" дейтін "әжесі", "қой" дейтін "қожасы" жоқ ғұрыптық агенттіктердің сұм әрекеті заң қабылданса ғана тыйылады.

А.Құрманкин, Ә.Мұхитова «Біздің уақыт».