Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова еліміздегі мобильді аударымдарды бақылауға қатысты сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, қаржы министрлігімен әлі талқылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз конференциясында вице-премьерге заңсыз кәсіпкерлікпен тіркеусіз айналысқаны үшін салынатын айыппұлдар жайлы сұрақ қойылды. Әсіресе, 255 мың теңгеден асатын мобильді аударымдарды бақылау туралы норма қабылданған жағдайда не болады деп сұрақ қойды.
"Бұл норма әлі түпкілікті бекітілген жоқ. Қазір оны біздің сала мамандары қарастырып жатыр, тиісті мемлекеттік органдар жұмыс істеп жатыр. Біз осы мәселе бойынша Қаржы министрлігіне өз пікірімізді айтуды жоспарлап отырмыз. Біздің жұмыс тобымыз әлі жұмыс істеп жатқандықтан біраз күту керек. Бұл мәселе негізінде бірыңғай ұстаным әзірлеу үшін мамандардан тұратын кеңесші топ жұмыс істеп жатыр. Алдын ала қандай ұстаным болатынын нақты айта алмаймын. Бірақ бұл мәселе талқылау кезеңінде", – деп жауап берді Тамара Дүйсенова.
Айта кетейік, бұған дейін қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанда 255 мың теңгеден асатын мобильді аударымдарды бақылауға алу жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді. Сонымен қатар комитет өкілдері тексеру критерийлерінің өзгеруі мүмкін екенін атап өтті. Бұл түзету қазір Ұлттық банктің қарауында.
"Бір жеке тұлғаның банк шотына қатарынан 3 ай ішінде 100 және одан да көп түрлі тұлғалардан жалпы сомасы 3 айлық жалақы мөлшерінен, яғни 225 мың теңгеден, асатын аударым қабылдаған тұлғаны тексеруді енгізу қарастырады", – деп хабарлады мемлекеттік кірістер комитеті.
Қазір банктер үш ай бойы 100-ден астам түрлі тұлғадан аударым алған қазақстандықтар туралы мәліметтерді салық органдарына беруге міндетті. Қолданыстағы ережелерге сәйкес бұл азаматтың заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, тауар немесе қызмет үшін ақы алып отырғанын болжамдауға негіз болады.