$527.23 €544.05 ₽5.05
×

Оралдағы автобус жүргізушілері жұмысқа шықпады

08.01.2025ж. 20:00
103
Оралдағы автобус жүргізушілері жұмысқа шықпады

Бүгін оралдық автобус жүргізушілері жұмысқа шықпады. Наразылығын білдірген жүргізушілер жалақының кешіктіріп төленгені аздай, одан ұсталар салықтың жарты жыл бойы аударылмағанын айтады. Медициналық сақтандыру ақысы уақытылы төленбегесін, ауруханаға кіре алмай күйінгендердің қатары көбейіпті. Ал енді бірі несиеге үй рәсімдей алмай, бала-шағасының несібесінен қағылғанын жеткізді. 

Жүргізушілер жалақыдан ұсталатын әлеуметтік төлемдердің жарты жыл бойы аударылмағанын айтады. Медициналық сақтандыру ақысы төленбегендерін емханалар маңына жолатпаса, енді бірі зейнетақы қорына көк тиын түспегесін ипотекаға үй рәсімдей алмай әлек боп жүр.

НҰРБЕК ТӘЖЕНОВ, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ:

7-8 ай болды пенсионный түскен жоқ бізге, медсақтандыру да солай. Отпускнойды ала алмай жатырмыз. Наурыз айынан бері ала алмай жатқандар бар. Өзіміздің ішімізде жиналыс болады, басшылық айтады: осындай жағдайлар болып жатыр, әкімдік бізге ақша аудармайды, ЖКХ аудармайды, ай сайын аударатыны 35 миллион дейді. 35 миллионнан бізге жалақы береді. Жалақының өзін бізге кешіктіріп береді. Басқа компаниялар онына дейін алса, бізде 17-сіне дейін... Кей кездері болды, 70 процентін алып, 30 процентін келесі айда алып жүрдік.

Амалы таусылған автобус жүргізушілері мәселе шешілмей, жұмысқа шықпаймыз деп шешіпті. Күн сайын 12 сағат көлік рөлінде отыратын жігіттер мұндай ауыр еңбектің өтеуі лайық болу керек дейді.

АЗАМАТ ХАЛЕЛОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жүргізушілерге барлық тиісті түсіндірілетін ақпараттың барлығы берілді. Сол осы жиналыстың шешіміне сәйкес, жүргізушілер қазір өздерінің штаттық түрдегі жұмыстарына шығып, көліктегі қызметін атқаратын болады. Барлық төлемдердің барлығы ақпан айының басында өзінің ережесіне, графигіне сай түсетін болады.

Қаладағы жолаушылар тасымалымен айналысатын 6 компанияға жыл сайын 5 миллиард теңге көлемінде субсидия төленеді екен. Бұл қомақты көмектің 400 миллионы бүгін шу шыққан кәсіпорынға тиесілі. Бүгін жұмыстан кешіккен тұрғындардан кешірім сұраған қала әкімі ақшаны кешіктірмей аударамыз деп уәде берді. Осы уәдеден кейін автобус қозғалысы қайта жанданса да, мекеме басшысы төбе көрсетпеді.