$520.48 €574.61 ₽6.06
×

"Жылы аялдамалар жылы емес" , - тұрғын

08.01.2025ж. 20:00
264
"Жылы аялдамалар жылы емес" , - тұрғын

Жылы аялдама жылы емес. Керісінше, далада тұрсаң тоңбайсың. Елорда тұрғындары осылайша жол бойындағы жабық аялдамаларға наразылық білдірді. Айтуларынша "жолаушыларға ыңғайлы болу үшін" деп салынған павильондар мүлде жайсыз. Оған не себеп? Жауаптылар не дейді? Тілшіміз сұрады. 

АЙБЕК САЛДАТБЕК, ТІЛШІ:

-Сыртта тұрдың не, іште тұрдың не, айырмашылық онша байқалмайды. Өйткені онда да, мұнда да суық. Төбедегі жылыту құрылғысы үнемі сөніп тұрады. Сол үшін де шығар, жылы аялдама деп жылынып отырған адам көрмейсің. Қашан қарасаң да бос тұрады.

Сөзімді растап, жылы жерді тастап, аязды ілмей, ішке кірмей тұрғандар көптеп кездесті. "Неге сыртта тұрсыз?" деп сауал қойдық.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Екеуі де суық өйткені.
- Жылу жоқ көп жерде. Жылу істеп тұрса кіреміз ғой ішке.
- Жылу бір жерде істейді, бір жерде істемейді. Мында ондай жақсы дей алмаймын. Әрі жағымсыз иіс бар.

Жағымсыз иіс бар дегені рас, өйткені аялдама іші қоқысқа толы, лас. Құдды адамдар тоңғанда емес, шемішке шағып, жүрек жалғайтын уақыт болғанда кіретін сияқты. Осындайда қондырғының ыстығынан гөрі, темекі түтінінің ұшқыны ішті жылытып тұр ма дейсің.

Қалада 275-тен астам жабық типтегі аялдама бар. Оларға жауаптылардың сөзіне сенсек аялдамалар бейнебақылау камералары, жылыту, жарықтандыру және электрмен жабдықтау жүйелері, сондай-ақ кондиционерлермен қамтылған.

АСТАНА ҚАЛАСЫ КӨЛІК ЖӘНЕ ЖОЛ-КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ:

Күнделікті ақауларды анықтау мақсатында мердігер ұйымдар тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Істен шыққан жабдықтың көлемі мен күрделілігіне қарай жөндеу жұмыстары 1-7 күн ішінде жүзеге асырылады. Жылы аялдама кешендеріне техникалық қызмет көрсету мердігер ұйымдармен жасалған келісімшарт негізінде жүргізіледі. Санитарлық тазалықты сақтау үшін арнайы бригадалар екі ауысыммен жұмыс істейді.

Автобус күтіп бір тоңып, паналап жылы орынға кіргенде діріліңді баса алмасаң, әрине, қиын. Өйткені сақылдаған аяз, ұлыған жел сол жағалаудағы Ұлы дала көшесінен бастап, оң жағалаудың аяғына дейінгі аялдамалардың есігін емін-еркін ашып жүр.