$527.23 €544.05 ₽5.05
×

Мәжіліс депутаттары ел аралап жүр

Мәжіліс депутаттары ел аралап жүр

Мәжіліс депутаттарының өңірлерге сапары жалғасуда. Халық қалаулылары аймақтардағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, ірі әлеуметтік нысандарда болды. Тұрғындармен кездесіп, елдегі өзекті мәселелерге назар аударды. Халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, қабылданған заңдар туралы ақпарат беруде. 

Алматы облысы Өтеген батыр ауылында 2023 жылы бітуі тиіс болған мәдениет үйінің құрылысы тоқтап тұр. 400 орынға шақталған нысанның аяқталуына қаражат жетіспеушілігі кедергі келтіруде, дейді жауаптылар. Халыққа уәде етілген мәдениет ордасының мәселесін шешуге үш бірдей Мәжіліс депутаты арнайы келіп, бақылау жүргізді. Нәтижесінде мамандар маусым айына дейін құрылысты аяқтап, қолданысқа береміз деп уәде етті.

МАКСИМ РОЖИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қазіргі келісімшарттың нәтижесі маусым айында бұл объект біту керек деген талап қойып отыр. Енді біз маусымда келеміз көреміз. Егер бітіп жатса құба құп, егер бітпей жатса білмейм енді сотқа беріп қайтадан жұмыс жасау керек болады.

Теміртау қаласында 3 мыңнан астам тұрғын үйге газ құбыры тартылды. «ҚазақГазАймағы» өкілдерінің айтуынша, бұл шаһардың экологиясын жақсартуға септігін тигізеді. Қазір қалада 8 газ кешенін 3 кезеңмен іске қосу жоспарланған. Бұл- шамамен 6344 тұрғын үй. Бүгінде жоспарлы жұмыстың тең жартысы біткен. Келер жылға дейін қаланы көгілдір отынмен толығымен қамту көзделіп отыр. Қазірдің өзінде бірнеше жерде монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Газ құбырларын тарту барысы партияның тікелей бақылауында.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бірінші кезекте бұл Теміртау үшін экологиялық ластану проблемасын шешу үшін өте маңызды мәселе. Сондықтан осы жұмысты біз қадағалап, әрі қарай республика тарапынан республикалық бюджеттен нысаналық трансферттер керек па, заңнамалық қандай көмек керек деген сияқты сұрақтар әрине өте маңызды.

Шымкент қаласына іссапармен барған депутаттар теміржол өткелінің құрылысымен танысты. Жоба былтыр қараша айында басталған. Құрылыс аясында теміржолдың үстінен аспалы көпір салынады. Жол өткелі төрт жолақты және жаяу жүргіншілерге арналған жолмен жабдықталады. Қаладағы кептелісті азайту мақсатында қаланың тағы бір көшесінен аспалы көпір салынып жатыр. Құрлысы жыл соңына дейін аяқталмақ.

БОЛАТБЕК НАЖМЕТДИНҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

2024 жылдың бюджетін нақтылау кезінде, 2025-2027 жылдың бюджетін қарау кезінде осының қаржысын бөлу туралы бізде Парламентте өте үлкен жұмыс жүрді. Жобалық-сметалық құжаттың алдын-ала қойған техникалық тапсырысы дұрыс. Мен өзім ақтарып, танысып көрдім. Бір өткелге 7 млрд 800 млн бөлінсе, екінші өткелге 5,5 млрд бөлініп отыр.

Биыл Жаңаөзен қаласында Қазақстандағы алғашқы гибридтік электр станциясы салынады. Ол ең алдымен мұнай саласын жарықпен қамтамасыз етеді. Құрылысты салу қажеттілігі Маңғыстау электр станциясында бірнеше рет болған төтенше жағдайлардан кейін туындаған. Жоба аясында қаладағы кәсіпорындар мен мұнай өндіруші компаниялар және газ өңдеу зауыттары тұрақты электрмен жабдықталады.

ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жобаны іске асыру үшін заңда өзгеріс енгізу керек болды. Осы гибридтық станция деген ұғымды енгіздік. Оның қалай жұмыс жасайтын механизмдерін заңмен қарастырдық. «Eni» компаниясының, «Самрұқ-Қазына», «ҚазМұнайГаз»-дың қатысуымен іске асып отырған жоба. Сондықтан елге келгеннен кейін арнайы осы жобаның іске асып жатқанын қадағалап жүрміз.

Электр станциясы ішінара газ және жаңартылатын энергия көздерімен жұмыс істейтін болады. Яғни, жел мен күн энергиясымен қамтамасыз етіледі. Кәсіпорынның жоспарланған қуаты 270 МВт. Құрылыс кезеңінде 500-ге жуық адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Іске қосылғаннан кейін 70 маман жұмыс істейді.