Дубай шоколадын “сатумен айналысқан” ер адам сотталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Сотталушы 10 адамды алаяқтықпен алдап, 300 мың теңгеден астам қаражатты жымқырғаны анықталды. Ол адамдарға өзін Дубай шоколадын жасап, сататын адам ретінде таныстырған.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, айыпталушының кінәсі жәбірленушілердің көрсеткен айғақтары, банктік аударымдар туралы мәліметтер және іс материалдары негізінде дәлелденді.
Мемлекеттік айыптаушы 3 жыл 6 айға бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Қорғаушы тарап айыпталушыға бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған. Сот жеңілдететін мән-жайларды ескерді, себебі айыпталушы өз кінәсін мойындап, жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеген. Ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.
Нәтижесінде сот ер адамды кінәлі деп танып, 3 жылға бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.