$524.75 €540.6 ₽5.12
×

«AMANAT» фракциясының мүшелері өңірлерге барып, кәсіпорындардың жұмысымен танысты

09.01.2025ж. 20:00
119
«AMANAT» фракциясының мүшелері өңірлерге барып, кәсіпорындардың жұмысымен танысты

Еңбек адамы – ел экономикасының алтын діңгегі. Өңірлерге барып, кәсіпорындар және шаруа қожалықтарының жай-күйімен танысқан халық қалаулылары осылай деді. «AMANAT» фракциясының мүшелері жергілікті кәсіпорындарының жағдайын өз көздерімен көріп, ұсыныстарын тыңдап қайтты. Кездесулерде қандай мәселелер көтерілді? Депутаттар қандай уәде берді? Толығырақ әріптесім Еркелді Тілеуқұл баяндайды. 

Жетісу облысы құрылған уақыттан бері 43 жаңа өндіріс орны ашылып, 9 кәсіпорын кеңейтілді. Нәтижесінде, мыңнан астам адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылды. Биыл Президент жарлығымен жұмысшы мамандықтар жылы болып бекітілгендіктен, еңбек адамына құрмет көрсету – басты міндетіміз дейді халық қалаулылары. «AMANAT» фракциясының мүшелері, Парламент мәжілісінің депутаттары – Руслан Қожасбаев пен Болат Кәрімбек Жетісу облысына жұмыс сапарымен барып, өндіріс орындарымен және ондағы қызметкерлермен танысты. Оның ішінде бірегей кірпіш-керамзит зауытын атап өтуге болады. Кәсіпорын автономды режимде жұмыс істеп, жылына 44 млн кірпіш шығарады.

БОЛАТ КЕРІМБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Айтып отырғаны орынды. Өйткені, бұл кісі жергілікті адамдардың ішінен 170 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл зауыт жабылып қалса, біріншіден жұмыссыздық, екіншіден, біз қашанғы басқа өңір, басқа мемлекеттерден кірпіш тасып отырамыз. Сондықтан, біз де қолдау шараларын ойластырып көреміз. Облыстық әкімдік, кәсіпкерлік басқармасы, Атамекен кәсіпкерлік палатасымен осы сапардан кейін ақылдассақ па деп отырмыз.

Түркістан облысындағы агроөнеркәсіптік кешен де халық қалаулыларының басты назарында. Парламент мәжілісінің депутаттары Қайрат Балабиев, Ұласбек Сәдібеков, Темір Қырықбаев және Нұрсұлтан Байтілесов Сарыағаш ауданындағы кәсіпкерлік ұйымдарымен танысты. Мәжілісмендер бірегей жылыжай кешені мен тамақ өнеркәсібінде аса маңызды орын алатын кондитерлік цехтың өндірістік әлеуетін көрді. Жылыжайда күнделікті тұтынатын көкөніс пен экзотикалық банан мен папая жемістері өсіріледі. Ал, голландиялық гүл сұрыптары көршілес Өзбекстанға экспортталады. Жергілікті шаруалар кейбір мәселелер бойынша, арыз-шағымдарын айтып, депутаттар бұл мәселені жоғары мінберден көтеретіндерін жеткізді.

ҚАЙРАТ БАЛАБИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біз депутаттық сауал жолдап, қазір барлық шаруаларға субсидия берілетін болды. Бірақ, тағы да қолдау көрсетсін деп, тағы ұсыныстарын айтты. Біз қаңтар айында Мәжіліске барған кезде осы ұсыныстарды көтеріп, жұмыс жасайтын боламыз.

Батыс-Қазақстан облысында соңғы 2 жылда жаңа 22 мектеп салынған. Ал биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында 6 білім ошағының құрылысы жалғасады. Қазір өңірде осы бастамамен салынған мектепте 1 300 оқушы оқиды. Олардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған. Оқу сыныптары, шеберханалар, спорт және акт залдары, кітапхана, коворкинг орталығы заман талабына сай жабдықталған. Бұған қоса тың технологияға бейім оқушылар робототехникамен де шұғылдана алады.

СНЕЖАННА ИМАШЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Осындай ірі жобалардың құрылысын, олардың мерзімінде салынуын «AMANAT» партиясы бақылауда ұстайды. Сол себепті осындай нысандарды біздер аралаймыз. Бұл жерде ешқандай проблема жоқ. Уақытымен, сапалы тапсырылған мектеп. Жалпы осы жылдың басында Президентіміздің мақаласында айтты ғой. Біз әлеуметтік мемлекетпіз, сондықтан осындай әлеуметтік нысандарға көп назар бөлеміз деп.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары 5 қаңтардан бастап өңірлерді аралап, аймақ тұрғындарымен кездесуде. Сапар барысында тек өндіріс орындарына ғана барып қоймай, азаматтарды жеке қабылдап жатыр.