$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Оңтүстік Қазақстандағы бес елді мекеннің дихандары сусыз отыр

AstanaTV
26.05.2017ж. 20:00
3685
Оңтүстік Қазақстандағы бес елді мекеннің дихандары сусыз отыр

Оңтүстік Қазақстандық дихандар, биыл өнімсіз қаламыз ба деп, алаңдап отыр. Тұрғындардың айтуынша, ерте көктемде бақша дақылдарын отырғызғанымен, оны суаратын ағын су жоқ. Шаруалар, бірер тәулікте тіршілік нәрі берілмесе, шығынға батамыз, дейді. Ал күндеріне жарап келген Сайрам ауданындағы Аламан арықта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ауылдықтар тіпті қызанақ, болгар бұрышы мен баялды секілді көкөніс көшеттерін еге алмай отыр.

Базарда шығып жатыр жаңа картошкалар. Біздікі әлі мынандай болып жатыр. Диқаншылық қылу керегі жоқ болып қалды...

Орынбай Хайтқуловтың негізгі күнкөрісі - диханшылық. 50 соттық жерге сәуірде картоп еккен ол дақылдарды әлі бір рет те суғармаған. Жер бетіне қылтиып шыққан картоп өспей тұр, алды тіпті  қурай бастапты.

Орынбай Хайтқулов дихан, Қызылсу тұрғын алабының тұрғыны:

4  рет су ішу керек, әлі бір су ішпеді. Мінекей, картошкілер шыға алмай тұр. Мына картошка не бұл?! Енді күйеді, жаз келді. Урожай құрыды.  

Айзада Төребекқызы, тілші:

Ағын судың уақытылы берілмеуінен, сарымсақтар да қурай бастаған. Дихандардың айтуынша, дәл қазір өнімді қазып алып, саудаға шығаратын дер шағы. Бірақ көпшілік өнім бас байламаған, ал барының өзі мынадай тым ұсақ.

Қызылсу ауылындағы үш мыңға тарта адамның негізгі күнкөрісі осы. Ақсақалдардың айтуынша, 150 гектардай суармалы жер Сайрам ауданы аумағындағы «Аламан»  арықтан су ішеді. Бірақ соңғы бір айда ағын су берілмей, көкөніс, бақша дақылдары сарғая бастаған. Амалы құрыған қайсыбір шаруа қолдан су тасып құйып жатыр.

Мырзали Умаров, Қызылсу тұрғын алабының тұрғыны:

Майдың 15-25-і аралығында біз чеснокты, құлпынайды сататынбыз. Биыл су болған жоқ. Бәрі қурап кетті. Біз бала-шағаны осы диқаншылықпен бағамыз. Аламан арыққа бардық, водхозға. Водхозда бізге айтқаны: "Аламан төбесінде тендерден ұтып алып, ремонттап жатырмыз". Олардың ремонттайтын уақыты март айында емес пе?! Бізге суды апрель айында беру керек.

Үш гектарға қияр еккен мәртөбелік Салим Кучиев, су тағы бір апта келмесе, қарызға белшеден батуы мүмкін. Жергілікті консерві зауытымен келісімшарт жасасқан. Маусымның алғашқы онкүндігінде 130 тонна өнім өткізуі тиіс. Бірақ тіршілік нәрінің болмауынан бір айға тұқымды кеш сепкен шаруа тақырға отырмасам болды деп, жылармен күйде.

Салим Кучиев, Мәртөбе ауылының тұрғыны:

Зауыттан алған 1 млн 120 мың ақша тіккенмін мына жерге. Енді мен оны қалай өтеймін? Соны өтеу  керек, қалай бұны шешеді. Су, біздерге су, басқа біз ештеңе сұрамаймыз. Су да бізге тегін керек емес, ақшасын төлейміз ғой біз.

Шымкент қаласы мен Сайрам ауданына қарасты бес елді мекеннің тұрғындары телміріп отырған Аламан арықтың басында бетондау жұмыстары жүріп жатқанына куә болдық. Мердігер мекеме арықтың ұлтаны мен жақтауын бекемдеуді 15 мамырдан кешікпей бітіруі тиіс болған.

Нуриддин Қапалбаев, учаске бастығы, мердігер мекеме өкілі:

Погода болды 8 күн. Бір апта мынау  су болды. Сонымен үш күн кептірді. Сонымен қалып қойып жатырмыз. 

Жұмыстың тым кеш басталуын суға жауаптылар табиғи апаттың орын алуымен байланыстырды. Белгілі болғанындай, 7 наурыз күні кенеттен жар құлап, арықты бітеп қалған. Салдарынан төмендегі елді мекенге су алу қаупі төнген. Материал эфирге әзірленіп жатқанда бетондау жұмыстары аяқталғаны жайлы  хабар алдық. Техникалық талапқа сәйкес, енді кемінде екі тәулік күтуге тура келеді. Сәтін салса, Аламанға телмірген бес ауылдың халқы жексенбінің кешінен кешікпей ағын суға қол жеткізеді, деп сендірді атқамінерлер.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ