Батыс Қазақстан облысында тергеу изоляторына тыйым салынған заттардың өтуіне жол берілмеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Батыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №74 мекемесінде тыйым салынған заттарды алып кіру әрекеті тіркелді. Бұл заттар қамауда отырған азаматтардың біріне арналған.
Қамаудағы азаматтың танысы әкелген сәлемдемені тексеру барысында мекеменің тексеріп-өткізу пункті қызметкерлері ерекше иісі бар жасыл түсті марихуана және Altel операторына тиесілі SIM-картаны анықтап, тәркіледі.
Аталмыш заттарды қарақұмық салынған пластикалық ыдыстың ішінде және дәретхана қағазының ішінде жасырып өткізбек болған.
Тәртіп бұзушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы дерек бойынша материалдар Орал қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды.