$520.93 €609.07 ₽6.68
×

«Астана» оқу-клиникалық орталығына 10 жыл

AstanaTV
26.05.2017ж. 20:00
4367
«Астана» оқу-клиникалық орталығына 10 жыл

«Астана» оқу-клиникалық орталығының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Осыған орай Елордада  «жедел медициналық көмек» бригадалары арасында республикалық сайыс өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен 10-ға тарта бригада қатысқан байқаудың мақсаты адам өмірін арашалауды барынша жеделдету. Айта кету керек, бұл орталық еліміз бойынша симуляциялық оқытуда көшбасшы саналады.

Жол апатына түсіп, өлім аузында жатқан азаматқа жедел жәрдем бірнеше минут кешігіп жеткенде, бақиға аттанып кетер ме еді. Алдын-ала жоспарланған қойылымға сәйкес ақ халаттылар дер кезінде көмек көрсетті. Алайда, шынайы өмірде барлығы бұлай сәтті бола бермейтін көрінеді. 

Айдын Сармалаев, жедел жәрдем қызметкері, Алматы:

Жүргізушілер жол бермейді, көбі түсінбейді, шақыруларға барғанда, ішкен адамдар дөрекі сөздер айтып, тиісіп жататын кездер де болды.

Осының бәріне қарамастан, ақ халаттылар өз ісіне адал. Адам өміріне араша түсу үшін қолынан келгенін аянып қалмайды. Міне көзді ашып жұмғанша, тағы бір жайсыз ақпарат келді.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Сонымен, мұндағы алдын-ала жоспарланған қойылым бойынша, 4 жасар бала ойнап жүріп, артық дәрі ішіп қойған. Дәрігерлер жедел арада алғашқы көмек көрсетіп, қажет болса, ауыруханаға алып та кетеді. Мен де көмектесіп көрмекпін.

Бір қиыны, кейде тіпті ата-аналары да баланың мұндай күйге қалай түскенін білмей жатады. Дәрігерлерді қынжылтатыны осы.

Руслан Мусенов, жедел жәрдем қызметкері, Көкшетау:

Біз келгенде бала ес-түссіз болды. Әкесі неден болғанын білмейді. Тексере келе уланғанын анықтадық. Тамырға еккен дәрі нәтиже бермей, жаңа технология бойынша сүйек арасына дәрі ектік. Қазір бәрі қалыпты. 

Дәрігерлердің әрекетін білікті мамандардан құрылған әділ қазылар бағалады. Литва елінде бастау алған жарыс Қазақстанда былтырдан бері өткізіліп келеді. Бұл өзара тәжірибе алмасудың таптырмас жолы,- дейді ұйымдастырушылар.

Алмагүл Қауышева, «Ұлттық денсаулық сақтау палатасы» басқарма төрағасының орынбасары:

Бүгінгі іс шара алдағы ЭКСПО көрмесіне арналған. Жақын арада  көптеген шетелдік қонақтарды қарсы алайын деп отырмыз. Сондықтан сақадай сай екенімізді көрсетуіміз керек.

Дәстүрлі байқаудың келер жылғы додасы бүгінгі шарада 1-орын еншілеген Алматы қаласында өтеді.