Оқу-ағарту министрлігінің Білім сапасын қамтамасыз ету комитеті Атыраудағы С.Зиманов атындағы №37 мектеп мұғалімінің суицид жасау әрекетіне қатысты пікір білдірді.
Azattyq Ryhy сайтының мәліметінше, оқиғаның мән-жайын зерделеу үшін арнайы комиссия құрылып, оның құрамына қалалық басқарманың, Атырау облысы әкімдігінің білім басқармасының және білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету аумақтық басқармасының өкілдері кірді.
«Жағдай Білім беру сапасын қамтамасыз ету комитетінің бақылауында. Қазір жан-жақты тергеу жүріп жатыр. Министрліктің аумақтық департаменті педагогикалық әдеп мәселелері бойынша жоспардан тыс өңірлік кеңес ұйымдастыруда, оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданады», - деп хабарлады ведомство.
Мұғалімнің жағдайы тұрақты, денсаулығы жақсы деп бағаланып отыр. Оған қажетті психологиялық көмек көрсетіледі.
Министрлік «Педагог мәртебесі туралы» заң бұзушылықтар анықталған жағдайда азаматтар аумақтық департаменттерге немесе ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Сапаны қамтамасыз ету комитетіне мына телефон арқылы хабарласа алатынын еске салады: +7 (7172) 74-23-92.
Айта кетейік, Атырауда №37 мектептің мұғалімі өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Алдын ала мәлімет бойынша, бұған мұғалімге қысым көрсету себеп болуы мүмкін.