Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы балабақшада балаларға таратылған ботқадан құрт шықты. Әлеуметтік желіде тараған видеода балалардың тәрелкесіне салынған ботқада жыбырлап жүрген жәндікті көруге болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазір Қандыағаш қаласындағы "Самал" бөбекжай-бақшасының меңгерушісінен бастап, аспаз, жауапты мейірбикеге дейін түсініктеме жазып жатыр. Сұлы ботқасындағы құрттарды бірінші болып тәрбиешілер көрген.
Видеода “Міне, қоңыз, міне, тарақан ба? Көрсетейін деп келе жатырмын” деген дауыс естіледі. “Балаларымызға осындай тамақ беріп жатқаны не сұмдық? Бұл мазақ емес пе? Ұялмай-ақ ақшаны көбейтіп отыр. Ал біз құрттаған тамақ үшін төлеп отырмыз ба?” деп жағдайға қатысты шара қолдануды сұраған.
Оқиға 13 қаңтарда сағат 09:00-де таңғы ас кезінде анықталды. Жыбырлаған жәндік балаларға таратылған сұлы ботқасынан шыққан. Оқиғаны Мұғалжар аудандық білім бөлімінің басшысы растады. Қазір ол аталған балабақшада жүргенін, тексеру жұмысы басталғанын хабарлады.
“Тамақ пісіру кезінде бөбекжай-бақша мейірбекесі Кәмшат Сәрсенова дайындалып жатқан тамақтан сынама алған. Алайда ешқандай құрт не жәндіктер болмағанын айтып отыр. Таңғы ас алғашқы 2 топқа таратылған кезде құрттарды тәрбиеші көріп, сол жерде таңғы ас беруді тоқтатқан. Сұлы жармасы бөбекжай-бақшаға қараша айында әкелінген. Жарамды мерзімі – 18 ай. Қазір Мұғалжар аудандық білім бөлімінің тарапынан қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Қорытындысы бойынша жауапты тұлғалар мен қызметкерлер тиісті жауапкершілікке тартылады”, – деді Мұғалжар аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Қуанышұлы.
Айта кетейік, Қандыағаш қаласындағы "Самал" бөбекжай-бақшасы 320 балаға арналған. Онда 210 тәрбиеленуші бар. Тамақты жеке кәсіпкер Қанат Айбосыновтың тасымалдағаны белгілі болды. Аудандық білім бөлімінің басшысы оқиға болған балабақша қызметкерлерінен түсініктеме алынып, тиісті шара қолданылатынын айтты.