$528.52 €539.14 ₽5.17
×

Қостанайда бірнеше коммуналдық қызмет көрсету құны қымбаттады

13.01.2025ж. 20:00
151
Қостанайда бірнеше коммуналдық қызмет көрсету құны қымбаттады

Қостанайда жаңа жылдан бастап бірнеше коммуналдық кәсіпорын жаңа тарифке көшті. Қаланы жылумен қамтамасыз ететін мекеме қызмет құнын 5,6 процентке өсірді.Суық су ақысы 6 пайызға қымбаттады. Астанада да коммуналдық тариф көтерілген. Мұны жұрт қалай қабылдап жатыр, тілшілер тарқатып айтады.

ЗАҢҒАР САНАЙ, ТІЛШІ:

Жаңа жылдағы жаңа баға табиғи монополияларды реттеу департаментінің қаулысымен бекітілген.Ал тұрғындар тарифтің қымбаттауы қалың бұқараға қиындық туғызады деген пікірде.
- 300-400 теңге болсын.Ол аз ғана сомма деп ойламауымыз керек. Әркімнің қалтасын көтере бермейді.
-Ыстық су, отопленияға тариф алады. 10 мың теңге шығады екі бөлмелі пәтерге.Ал жылу жоқ үйде.

Қостанай жылу энергетика компаниясының бұған дейінгі тариф құны заңды тұлғаларға 1 ГКал үшін 8659,9 теңге болса, бұдан былай 9143,58 теңгеге ұлғаяды. Ал 4845,60 теңге төлеген тұрғындар, енді 5116,97 теңге қалтасынан шығарады. Бұдан бөлек, есептегіш құрылғысы жоқ тұтынушылар қосымша құн салығын қоса алғанда 1 шаршы метр үшін 208-ден 220,7 теңгеге дейін шығындалады. Мекеме шығындарының көбеюіне байланысты, тарифті көтеруге мәжбүрміз дейді директор.

АЗАМАТ АУЖАНОВ, «ҚЖЭК» МКК ДИРЕКТОРЫ:

Жаңа жылдан бастап коммуналдық қызметтер тарифі қосымша құн салығынсыз 5,6 пайызға өсіп отыр. Айта кету керек, өсім көрсеткіші тұрғындар үшін де, басқа тұтынушылар тобы үшін де бірдей деңгейде.

Ал қаладағы тұрмыстық қалдықты жинайтын жалғыз мекеме тарифті бірден 53 пайызға көтеріп жіберді.Бұл қалалық әкімдік жанынан құрылған арнаулы комиссия ұсынысы еді. Халық қалаулылары тарифті көтеру арқылы қызмет көрсету сапасын жақсартуға болады деген сенімде.

ОМАРҒАЛИ БАЙҒАБЫЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ:

Былтыр 5 желтоқсан күні комиссиямен бірлесіп отырыс өткіздік.Сол жерде тарифті көтеру ұсынысын көбі қолдады.Мәселен қалалық мәслихаттың 15 депутатының төртеуі қарсы болды. Екеуі дауыс беруден қалыс қалды.Қалғаны осы тарифті қолдады.

Қостанай-Су мекемесі де қызмет көрсету құнын қымбаттатып жіберді. Кәсіпорын дифференциалды тариф жүйесін енгізіп отыр.Яғни бұдан былай бір айда бір тұрғынның су қолдану көлеміне байланысты өсім коэффициенті есептеледі.

ЗАҢҒАР САНАЙ, ТІЛШІ:

Мекеме басшылары тарифті көтеру арқылы дебиторлық қарызды кеміту міндеті тұр деген тағы бір межені айтады.Мәселен тұтынушылар Қостанай жылу энергетика компаниясына 986 миллион теңге берешек.Қомақты сомманың 60 проценті тұрғындарға тиесілі.Ал тұрмыстық қалдықты жинайтын мекеме 100 миллион теңгеден астам қарызды өндіре алмай отыр.Біздің жақтағы тариф түйткілдері осындай.Ал Астанадағы жағдайды әріптесім Дәрібек Бақытбек айтады.

ДӘРІБЕК БАХЫТБЕК,ТІЛШІ:

Астанада да баға түлкіше түрленіп тұр. Азық-түлікті айтпағанда коммуналдық тариф құны көтерілген. Яғни, жылу 8, су 18 процентке қымбаттады. Ал, газ бен электр энергиясы керісінше төмендеген.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- 30 мыңдай төлейтінмін осы айда 45 мың келді.
- 30 мыңдай кетеді. Жер үйде тұрып жатырмыз біз. Өйткені қоқыс шығару бар, су бар, свет бар.
- Ыстық су да қымбаттады, электричества қымбаттады. Содан кейін отопление қымбаттады. КСКА домофон все все на все.

Жауапты министрліктің ақпаратынша, тариф құнының көтерілуіне әсер етіп отырған фактор көп. Соның бірі- тозығы жеткен инфрақұрылым. Сондай-ақ, коммуналдық сектор қызметкерлерінің айлық табысын арттыру көзделген.

МАҒЖАН ҚУАНЫШБЕК, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ ТМРК ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жалпы өзгерулердің себептері еңбекақы төлемдерінің өзгеруі, электр энергиясына шығындардың өзгеруі, жергілікті атқарушы органнан балансқа берілген мүліктерді ұстауға арналған шығындар.

ДӘРІБЕК БАХЫТБЕК, ТІЛШІ:

Тарифтердің өзгеруіне қарамастан, халықты мемлекеттік қолдау сақталуда. Былтыр аз қамтылған отбасыларға қаржылық жүктемені жеңілдетуге көмектесетін коммуналдық төлем шығындарының бір бөлігін өтеуге бағытталған тұрғын үй көмегі тетігін іске асыру жалғасты.17 мыңнан астам отбасы тұрғын үй көмегін алды.