Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі 13 қаңтарда ұлын вокзалға тастап кеткен ананың ұсталғанын жеткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ведомствоның мәліметінше, Астана станциясындағы полицияның желілік басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде вокзалда жападан жалғыз қалдырылған баланың анасын анықтап, полицияға жеткізген. Полицияның мәліметінше, ол бұрын психиатриялық диспансерлік есепте тұрған.
"Қазіргі уақытта жас баланы қауіп-қатерге қалдыру фактісі бойынша тергеу амалдары қолға алынған. Бала Астана қаласы әкімдігінің Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына жіберілді. ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды", деп хабарлады Көліктегі ПД.