Павлодарда зейнеткерлерді ұзақ уақыт бойы азаптап келген пансионат қызметкерлері ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қылмыстық топ мүшелері мүмкіндігі шектеулі қарияларды аш қалдырып, байлап, ұрып-соққан. Тіпті, қайтыс болғандарының пәтерлерін жалға беріп келген. Осылайша, арам пиғылын іске асырғандар 20 қарттың конституциялық құқықтарын өрескел бұзған.
Қалалық прокуратураның мәлімдеуінше, қазір аталған фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған. Жантүршігерлік оқиғаны құзырлы орган өкілдері кезекті тексеріс кезінде анықтаған ба, әлде құпия хабарлама келіп түскен бе, әзірге белгісіз. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбаған.
"Пансионат қызметкерлері 20 қарт адамды астан шектеп, ашықтырып, асқан қатыгездік танытқан. Сондай-ақ марқұмдардың пәтерлерін ұзақ уақыт бойы заңсыз жалға беру фактісі де анықталды. Қазір сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Оларды тергеп-тексеру ішкі істер органдарына тапсырылды", - деді облыстық прокуратураның ресми өкілі Ерлан Түлеков.