$530.24 €543.97 ₽5.16
×

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитіне қатысты

AstanaTV
14.01.2025ж. 17:07
154
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитіне қатысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары аясында «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитіне қатысты.  

Осы жиында Мемлекет басшысы көлік инфрақұрылымының маңызына тоқталды.

– Еуразия құрлығындағы жетекші транзиттік торапқа айналған біздің ел үшін орнықты дамудың тағы бір маңызды алғышарты – көлік және транзит саласы. Біз көлік инфрақұрылымына, атап айтқанда, автомобиль және темір жолдарының, әуежайлар мен теңіз айлақтарының құрылысына инвестиция салуды белсенді түрде қолға алдық. Байланыс мүмкіндіктерінің аясын одан әрі кеңейту үшін Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізін дамытуға, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасында елеулі рөл атқаруға ниетті. Мақсатымыз – өңіраралық қатынастарды нығайтып қана қоймай, орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ететін тұрақты жеткізу тізбегін қалыптастыру, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаһандық жылыну – Орталық Азия үшін басты сын-қатердің бірі.

– Жылыну үдерісінің үдей түсуі экожүйелерге, тұрмыс-тіршілікке және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Сол себепті тез арада климатқа бейімделу стратегиясы қажет. Сондай-ақ біздің өңір трансшекаралық өзендерге тәуелді. Сондықтан бізге ерте ескерту жүйесін құрып, су және жер ресурстарын басқару ісін жетілдіру керек. Бұл ретте су үнемдеу технологияларына инвестиция салып, ирригация жүйелерін жаңғыртуға тиіспіз. Су ресурстарын тиімді басқару келісімдеріне қол жеткізіп, жасанды интеллекттің, жерсерік арқылы мониторингтің және басқа да цифрлық құралдардың көмегіне жүгінгеніміз жөн, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігіне баса назар аударып, күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселенің бірі ретінде атады.

– Әлемдік нарықты азық-түлік өнімдерімен және тыңайтқыштармен тұрақты қамтамасыз ету үшін инновациялық тәсілдер қажет. Қазақстан халықаралық нарыққа мол көлемде бидай мен ұн экспорттайтын ел ретінде орнықты ауыл шаруашылығының әдістері мен технологияларын одан әрі жетілдіруді көздейді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, аталған сын-қатерлерге төтеп беру үшін әлемге жаңа даму парадигмасы керек. Ол орнықтылық, әділдік пен тұрақтылық ұғымдарына негізделуге тиіс. Жаһандық проблемаларды үш маңызды қағидатқа арқа сүйеген біртұтас жүйе арқылы шешуге болады.

– Бірінші, «жасыл» қаржыландырудың қолжетімділігі. Оның көлемі елеулі түрде ұлғаюға тиіс. Екінші, технология трансферті, техникалық қолдау және ғылыми зерттеулер саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың аясын кеңейту. Күн энергиясы, «ақылды» ауыл шаруашылығы, көміртегі сүзгісі және жасанды интеллект негізіндегі климаттық технологиялар әртүрлі инновациялық шешімдер ұсынады. Үшінші, климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі басымдықтардың, экономикалық даму мен жасанды интеллекттің синергиялық ықпалдастығы. 2030 жылға қарай жаһандық ішкі жалпы өнімнің 16 пайыздан астамын осы үш бағыттың өзара үйлесімі қамтамасыз етуі мүмкін. Бұдан шығатын қорытынды: мемлекеттер орнықты даму саласындағы түрлі мақсаттарға барынша икемді әрі дербес тәсіл қолданғаны дұрыс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөз соңында аталған саммит орнықты даму саласындағы алдағы онжылдықтарға арналған басымдықтарды айқындап, әрекеттерді үйлестіретін маңызды алаңға айналуына тілектeстік білдірді.