Ұлттық
ойын - рухани жаңғырудың қайнар көзі. Тоғызқұмалақ жас ұрпақтың ойлау қабілетін
дамытса, асық ату жеткіншекті ептілікке, көздеген межеге жетуге жетелейді. Қостанайдағы бейімдеу орталығындағы
өрендерге ұлттық ойының ерекшеліктері көрсетілді. Игі шара «Нұр Отан»
партиясының «Бақытты отбасы - бақытты балалық шақ» жобасы аясында
ұйымдастырылды.
Білім басқармасына қарасты облыстық орталықты 17 бала уақытша
паналап жүр. Жасөспірімдердің ұлттық
ойындарға деген ынтасы зор. Жеткіншектер 10 минуттың ішінде тоғызқұмалақтың
ережесін ұғып, ептеп қарсыласын тығырыққа тіреуге тырысып жатты. Мұндағы
балғындар асық ату ойынын да айрықша ықыласпен үйренді. Оларға еріктілер тобы
мен жергілікті институт оқытушылары шеберлік сыныптарын өткізіп, ұлттық ойынның ережесі мен ерекшеліктерін түсіндірді.
Кәрішал Төлегенұлы, ҚМПИ денешынықтыру, спорт және туризм факультетінің аға оқытушысы:
Бұл ұлттық ойындар - өте керек ойындар. Балаларды тәрбиелеуге мәні өте зор. Бұл генетикалық біздің ұлттық кодымыздың бір бөлігі. Тоғызқұмалақ пен асық атып ойнаған балалардың көзқарастары басқаша, үлкендерді сыйлап, тәрбіиелік мәні өте жоғары деп өзім білемін.
Денис Глушковский, Қостанай облысы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленушісі:
Тоғызқұмалақты
мектептегі достарымнан үйреніп алған едім. Бүгін соның көмегі тиді. Маған бұл
ойын қатты ұнайды. Тез есептеуге үйретеді.