$530.24 €543.97 ₽5.16
×

Еліміздің кез келген азаматы мамырдан бастап үй кезегіне тұра алады

Еліміздің кез келген азаматы мамырдан бастап үй кезегіне тұра алады

Биыл мамыр айынан бастап кез келген азамат баспана кезегіне тұра алады. Басты талап- жасы 18-ден асуы керек және соңғы 5 жылда атында үй болмауы тиіс. Кезекке тұру онлайн жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, бұл үй алу үшін түрлі құйтырқылыққа баратын, яғни өтірік ажырасатындардың санын азайтады. 

Былтыр қарашада Мемлекет басшысы тұрғын үй саясатын реформалау жөнінде заңға қол қойды. «Отбасы банкі» «Ұлттық даму институты» болып қайта құрылды. Енді ол тұрғындарды кезекке қою, оларға баспана бөлумен айналысады. Бұл қызметтер бір орталықтан бір терезе қағидатына сәйкес жүзеге асырылады. Жаңа құжат бойынша 2029 жылға дейін жыл сайын 10 мың адам қоныс тойын тойлайды деп жоспарланған.

ДАРИЯ БАТЕНОВА, «ОТБАСЫ БАНКІ» АҚ ОРТАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы орталықтандырылған жүйе ашады. Бұл жүйе бүгінгі күнде 8 дереккөз базасымен интеграцияланған. Бұл әріқарай ұлғая береді. Енді қол қойған күннен бастап 6 айдың ішінде банк өз жұмыстарын жүргізе бастайды. Сонымен қатар әкімдіктер кезекті банкке беретін болады.

Тағы бір жағымды жаңалық, енді сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер алғандар да баспанасын жекешелендіре алады.

ЖАНЕРКЕ САҒЫМЖАН, ҚР ӨҚМ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ ІСТЕРІ КОМИТЕТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Бұрында сатып алу құқығынсыз жалға берілген пәтерлер иелері болып табылатын адамдар қазіргі таңда сол үйлерін жекешелендіруге мүмкіндігі бар. Осы ретте қазіргі таңда республика бойынша 60 мыңға жуық азамат өздерінің пәтерлерін жекешелендіре алады.

Тегін үйді соғыс ардагерлері, бірінші және екінші топ мүгедектері, 20 жылдық өтілі бар әскери қызметшілер мен құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік орган қызметшілері, сондай-ақ Семей полигонынан және Арал маңындағы экологиялық зілзаладан зардап шеккен азаматтар өз аттарына аудара алады.

Бұл тәртіп бұрынғыша қалады. Яғни, аталған қызметті жергілікті әкімдіктер жүзеге асырады. Олар құжатты 15 күн ішінде қарастырып, тиісті шешім шығаруы тиіс.

Тегін жекешелендіре алатын азаматтар тізімі:

- соғыс ардагерлері

- 1 және 2 топ мүгедектері

- 20 жылдық өтілі бар әскери қызметшілер

- Құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік орган қызметшілері

- Семей ядролық полигонынан зардап шеккендер

- Арал маңындағы экологиялық зілзаладан зардап шеккендер