Жамбылдық шаруалар шығынға батты. Екі айдан бері қант қызылшасын өткізе алмай жүр. Жинаған өнімнің қызығын жаз бойы төрт түлік көрсе, қалғаны ашық аспан астында шіріп жатыр. Ал аймақтағы қант қызылшасын қабылдайтын жалғыз зауыт тәтті түбір алуды тоқтатпақ. Дихандар қайтпек? Жергілікті әкімдік не дейді? Өңірдегі тілшіміз Берік Жұмабай айтады. Қамбар Қатаевтың да еңбегі еш кеткелі тұр. Күзде 5 мың тонна өнім жинаған. Жартысы шіріп, жарамсыз болып қалған.
ҚАМБАР ҚАТАЕВ, ШАРУА:
3-4 күн болды 15 машина жіберіп ек. 5-еуі өтіп 10-ы тұр 5 күн болды. Күн жылы болса мынау жарамай қалады шіріп. Ағып кетеді. Не істерімізді білмейміз уже.
СӘКЕН ЕРАЛИЕВ, ШАРУА:
Өткізе алмай жатыр ағайындар. Ағайындардың бәрінің беті қайтып қалды егуге. Мынау, өздеріңде көріп отырсыңдар мысалы қандай болып жатқанын.
Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:
Тәтті түбір тау болып үйіліп жатыр. Байзақ ауданында 60 мың тоннаға жуық қант қызылшасы далада қалған. Қордай мен Жамбыл ауданында да жағдай мәз емес. Жалпы 90 мың тоннадан астам қант қызылшасы ашықаспан астында жатыр. Міне, мынау рәсуа боп жатқан өнім - бір ғана шаруаның жинаған жемісі.
Аймақта биыл 11 мың гектар жерге қызылша егілген. Одан 600 мың тоннадан аса өнім алынған. Оның 440 мың тоннасы Меркі қант зауытына өткізілді. Әрі қарай қабылдауға зауыттың қуаттылығы жетпейтін көрінеді. Ал 60 мыңын Жетісуға жіберсе, қалғаны Қырғызстанға жөнелтілуде.
ӘБДІРАСЫЛ ЖЕЛЕУБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Күнделікті 12-15 вагонға дейін жіберіп отырмыз. 1500 тонна жеткіздік. Тараз әлеуметтік корпарациясы арқылы өңдеп дайын қантты Қазақстан төңірегіне нарығына кіргіземіз. Қазір 10-15 пайызы қалды.
Көрші елге кетіп жатқан өнім басы бүтін берілмейді. Келісім бар, тек өңдегендері үшін тоннасына 25 мың теңге төлемек. Жауаптылар мәселені қаңтардың аяғына дейін шешеміз деп отыр.