Қызылорданың Қорқыт ата әуежайы жаңа бағыттар бойынша рейстер санын көбейтпек. Бұл туралы Қазақстан Телеарнасы жазды.
Былтыр ғана пайдалануға берілген Сырдың әуе қақпасы -халықаралық талаптарға сай еліміздегі заманауи терминалдардың бірі.
Президент «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңадан салынған әуежай терминалдары өткен жылдың басты жетістіктерінің бірі деп атап өткен еді. Қазіргі таңда Қорқыт ата әуежайынан аптасына 27 рейс орындалады. Жолаушылар әзірге ұшақпен Астана және Алматы қалаларына қатынаса, жақын арада Көкшетау, Ақтау мен Атырауға да жаңа бағыттар ашылмақ.
Баян Ғарифуллаұлы, «Қорқыт ата әуежайы» АҚ басқарма төрағасы:
Алдағы уақытта аптасына екі рет Қызылорда-Көкшетау бағытына рейс ашу жоспарлануда. Одан бөлек мамыр айынан бастап қыркүйек айына дейін тікелей Қызылорда-Анталья чартерлік рейсі ашылатын болады.