$530.24 €543.97 ₽5.16
×

Павлодар облысында 10 жүргізуші мұзға шыққаны үшін айыппұл арқалады

AstanaTV
15.01.2025ж. 10:00
63
Павлодар облысында 10 жүргізуші мұзға шыққаны үшін айыппұл арқалады

Көліктер мұздың астына түсіп кетпеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыста 16 қарашадан бастап мұз қата бастады. Сол уақыттан бері ТЖД қызметкерлері су айдындардағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында «Мұз» акциясын жүргізіп, рейдтерге шығуда. Бүгінде ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы (Су айдындарында қауiпсiздiк қағидаларын бұзу немесе орындамау) бойынша 69 адам жазаланды. Олар мұздың қалыңдығы 25 сантиметрден кем болғанда құрал-саймандарсыз, яғни құтқару кеудешесіз балық аулауға шыққан. Олардың арасында көлікпен мұзға шыққандар да бар. Бүгінде мұзға шыққан 10 жүргізушіге айыппұл салынды.

– Екібастұзда ГРЭС аумағында әуесқой балықшылар көп. Сондай-ақ, Жасыбай көлінде, Железин ауданында көліктің мұзға шығу фактілері тіркелді. Көліктер мұздың астына түсіп кеткен жоқ, – деді облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбай.

Бүгінде аталған бап бойынша заңды бұзған 69 азаматқа 900 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.