$529.7 €545.96 ₽5.17
×

Келер жылдан бастап елімізде дрондар шығарылады

15.01.2025ж. 20:00
127
Келер жылдан бастап елімізде дрондар шығарылады

Биыл елімізде дрон шығаратын зауыттың құрылысы басталады. Өндіріс ошағы іске қосылса, 500 адам жұмыспен қамтылады.Онда шамамен 50 түрлі ұшу аппараты құрастырылады. Алғашқы дрондар қашан сатылымға шығады? Толығырақ әріптесім Сүндет Оралбек айтсын. 

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Қазір технология көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Осындай ұшу аппараттарының көмегімен енді басталған орман өрттерін анықтауға болады. Кез келген тілсіз жауды оңай ауыздықтауға мүмкіндік береді. Енді сан салада қолданылатын 50 шақты дрон елімізде құрастырылатын болады.

Ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығаратын зауыттың құрылысы биыл басталады. Қазір инвесторлар Астана әкімдігімен келіссөз жүргізуде.

ЕРЖАН ЕЛЕКЕЕВ, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Жұмыс орындарынан бөлек, инвестор ғылыми-техникалық орталық ашуды көздеп отыр. Қытайдың "менмін" деген мамандары біздің жастарға ұшу аппараттары жайлы егжей-тегжейлі үйретіп, оқытады. Бұл дронға қызығушылы бар адамдар үшін үлкен мүмкіндік.

Отандық дрондарды қорғаныс,құқық қорғау саласында қолдануға болады. Одан бөлек, кәсіпкерлер мен шаруаларға қолғабыс болады дейді мамандар.

ДӘУЛЕТ ӘЛІБИ, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ ЖОБАЛЫҚ МЕНЕДЖЕРІ:

Дрондар ауыл шаруашылығы саласында, экология саласында, төтенше жағдайлар кезінде пайдаланылады. Мысалы, ауа және су ластануын қадағалап, су деңгейін бақылайды. Сосын, төтенше қызметкерлерге қауіпті аймақтарды анықтап, эвокуация жұмыстарын үйлестіруге және қажетті құрал жабдықтарды жеткізуге ықпал етеді.

Инвесторлардың бұл салада 15 жылдық тәжірибесі бар. Олар елімізде зауыт соқпас бұрын, 1 жылға жуық уақыт Қазақстанның дрондарды пайдалану әлеуетін зерттеген.

ЧУ ЦЗИ, ИНВЕСТОР:

Қытайдың Шыңжаң өлкесі мен Қазақстанның климаты да, кәсібі де ұқсас. Бізде көбіне ауыл шаруашылығы саласында дрондарды көптеп пайдаланады. Қазақстанның да егін, мал шаруашылығында ұшу аппараттарына сұраныс жоғары. Әр техниканың өзінің жиынтығына қарай құны өзгереді. Оны тапсырыс беруші өзі таңдайды.

Алғашқы дрон елімізде келер жылы шыға бастайды дейді жауаптылар.