$529.65 €544.64 ₽5.16
×

Әр қазақстандық азық-түлікке айына шамамен 200 мың теңге жұмсайды

16.01.2025ж. 20:00
71
Әр қазақстандық азық-түлікке айына шамамен 200 мың теңге жұмсайды

Тапқан табысымыз азық-түліктен артылмайды. Ішіп-жемнің құны күн сайын көтерілуде. Статистика бойынша орташа жалақының жартысынан астамы тек азық-түлік сатып алуға кетеді екен. Содан болса керек, қазір көпшілік үйде тамақ әзірлегенше, дәмханадан ауқаттанғанды құп көреді. Мейрамханалар былтыр 1,3 трлн теңге пайда тапты. Осы және өзге де ақпараттар "ЭКОНОМИКА" топтамасында. 

Былтыр 205 111 жаңа автокөлік өз иесін тапты. Бұл -автомобиль нарығындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Желтоқсанның өзінде 25 570 темір тұлпар сатылған. Саудаланған машиналардың дені Hyindai маркасына тиесілі. 1 жылда 44 мың көлік сатылыпты. Екінші орынға Қостанайда құрастырылатын Chevrolet жайғасқан. 31 мыңға жуық техника иесіне табысталды. Үздік үштікті KIA қорытындылады. Қытай көліктерінің де саудасы қызып тұр. Chery мен JAC төртінші және бесінші орында. Ал көптің "сүйіктісіне" айналған TOYOTA маркасы алтыншы орынға табан тіреді.

Күн сайын азық-түлік бағасы шарықтап жатыр. Қымбатшылық бүйірден қатты қысқаны рас. Қазір орташа жалақы 382 мың теңге болса, тұрғындар бұл қаржының 52-56 процентін тек ішіп-жемге жаратады екен. Яғни, шамамен 200 мың теңге. Статистика бойынша 105 елдің ішінде соңғы қатардамыз. Маңайымызға экономикасы нашар Африка елдері жайғасқан. Ал АҚШ азаматтары 6,7 процент, Сингапур мен британдықтар айлығының 8 пайызын тамаққа жаратады. Көршілес өзбек ағайындар табысының 46 пайызын азық-түлікке жұмсайды.

Иә, азық-түлік қымбат. Сондықтан көпшілік үйде тамақ істегенше дәмханадан ауқаттанғанды тиімді дейді. Сол себептен болса керек, былтыр тамақтану орындарының табысы 10 пайызға артқан. Жалпы кіріс 1,3 трлн теңгеге жетті. Бұл сомманың жартысына жуығы Астана мен Алматының мейрамханаларына тиесілі. Олар 625 млрд теңге пайда тапқан.

Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында доллар бүгін 530 теңгеден саудалануда. Еуро 545, Ресей рублі 5,16 теңге болды.