Жетісайлық шаруалар көктемгі дала жұмыстарына кірісті. Алайда егістік алқаптың жерін жыртып, сорын шайып жатқандардың дені ол жерге қандай өнім егерін білмей дал болып отыр. Мәселе неде? Шаруалардың базынасын өңірдегі әріптесім Айзада Төребекқызы жеткізеді.
Досанәлі Қалжанов дәл қазір егістік алқабын көктемге дайындауда. Ес білгелі мақта егіп келеді. Алайда, биыл оған тәуекел ете алмай отыр. Себебі, дақылдың пайдасынан шығыны көп.
ДОСАНӘЛІ ҚАЛЖАНОВ, ШАРУА:
Былтыр мақта мысалы 200 теңгеден аспады. Алдында құдайға шүкір 250 еді былтыр оған да жетпей қалды ғой. Бұл мақтадан келетін ешқандай пайда болмай жатыр да халыққа.
Жерден пайда көрмек тұрмақ, шығынға шаш етектен батып жатырмыз дейді диқандар. Былтыр кейбірі өнімін өткізе алмай алқапта қалдырыпты. Қауын- қарбыз еккендер де қарық болмадық деп ашынады. Тіпті мал азығына дейін сұраныс аз көрінеді.
БАҚТЫБАЙ ТӘШКЕНБАЕВ, ШАРУА:
Мақта егеміз, ол мақтамыздың бағасы болмайды. Не мақтаға субсидия бермейді. Не суымыз жетпейді. Таласып тармасып жылына бір ақ рет бір жерлер су ішпейді.
УӘЛИХАН ЕРКІНБЕКОВ, ШАРУА:
Қауын - қарбыз өтпей қалды биыл. Бағасы баға болған жоқ. Бала-шағаның барлығы Шымкент, Алматы деп кетті. Ауылда таксист, базарда тәшкі, тағы қарауылдық үшеу ақ жұмыс бар.
Шаруалардың жанайқайына жергілікті жауаптылар жақсы қанық. Алайда оны шешуге қауқарсызбыз дегендер бағаны бақылауға араласа алмайтындарын уәж қылады. Өйткені мақта егетіндерге субсидия қаралмаған. Ал соңғы уақытта бақша дақылдарының аяқасты қалып жатуын көрші елдердегі жағдаймен байланыстырады.
НҰРТАС ТҰРСЫНБЕКОВ, ЖЕТІСАЙ АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Біз негізі шет мемлекеттерге экспорттаймыз көбінесе көкөніс болсын, бақша болсын. Қазіргі таңда көршілес республикаларымызда тұрақсыздық болып жатыр. Сол тұрақсыздыққа байланысты біздің өндірген өнімдеріміздің бағасы кішкене сол жақтан сұраныс аз болып тұр.
Жетсайлық шаруалардың ендігі бар үміті үкіметте. Мемлекеттен қолдау болмайынша жағдайдың кері кеткені кеткен деп отыр.