Полиция көліктерінің мемлекеттік нөмірлерін әдейі жасырып қойған 40-қа жуық жүргізушіні жауапкершілікке тартты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Рейдтік-профилактикалық шаралар барысында патрульдік полиция қызметкерлері көлігінің мемлекеттік нөмірін әдейі жасырып қойған жүргізушіні байқаған. Құқық қорғаушылар күдік туғызған көлікті дереу тоқтатты. Оқиға республикалық маңызы бар Шымкент - Самара тасжолында орын алды. Тексеру барысында Арыс ауданының 30 жастағы тұрғыны көлігінің мемлекеттік нөмірін ылғалды сүлгімен жасырып қойғаны белгілі болды", - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Нәтижесінде жүргізуші "көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу" бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Соттың шешімімен ол бір жылға көлік басқару құқығынан айырылды және әкімшілік қамауға алынды. Жаңа жылдың басынан бері Түркістан облысының полиция департаментінің патрульдік полиция қызметкерлері өз көліктерінен мемлекеттік тіркеу нөмірлерін шешіп алған 40-қа жуық жүргізушіні жауапкершілікке тартты.