2024 жылы еліміз бойынша зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеген 13 568 адамға арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалған. Тағайындалған төлемнің орташа деңгейі - 208 мың теңге болған. Ал осы төлемді алғысы келіп, өтініш бергендердің саны 14 322 адам болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі түсіндіргендей, негізі бұл төлем төрт түрлі көзден төленеді. Оның бірінші көзі – республикалық бюджет. Екінші төлем беретін ұйым - Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры. Үшіншісі – жұмыс беруші болса, төртіншісі – өмірді сақтандыру ұйымы. Яғни, азамат тұрғылықты жері бойынша әлеуметтік төлем тағайындайтын мекемеге барып, өтініш берген соң оған осы төрт көздің бірінен немесе бірнешеуінен қатар төлем тағайындалады.
Осы ақшаға өтініш берудің басты шарты – Сіз 55 жасқа толу керексіз және соңғы жеті жыл бойынша бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударым түскен болу керек. Және басты айта кетерлігі, бұл арнаулы әлеуметтік төлем адам зейнетке шыққанда тоқтайды.
Қосымша ақпаратты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен білуге болады.