Австралияда бір әйел баланы улап, нәрестенің зардап шеккен сәттері түсірілген видеоларды желіде жариялап, адамдардан қайырымдылық жинауға әрекет жасағаны үшін айыпталды, деп хабарлайды BAQ.KZ CNN агенттігіне сілтеме жасап.
Квинсленд полициясының мәлімдемесіне сәйкес, 34 жастағы әйел Сандшайн-Кост аймағында 1 жасар қызға медициналық рұқсатсыз дәріханалық және рецепт бойынша берілетін бірнеше дәріні берген.
Әйел медициналық кеңеске құлақ аспай, рұқсат етілмеген дәрілерді, соның ішінде үйінде басқа адамға арналған ескі дәрілерді сәбиге берген, - делінген полиция мәлімдемесінде.
Әйел бұл әрекетті 2024 жылдың 6 тамызы мен 15 қазаны аралығында жасаған. Сол кезде ауруханаға жатқызылған балаға қатысты күмән туындағандықтан, медициналық қызметкерлер жағдайды тергеушілерге хабарлаған.
Полицияның мәлімдеуінше, бала қатты күйзеліс пен ауырсынуға ұшыраған кезде әйел оны видеоға түсіріп, интернетте жариялаған деп айыпталуда. Түсірілген видео қаржылай қайырымдылық пен желіде жаңа жазылушыларды тарту мақсатында қолданылғаны айтылады.
Рұқсат етілмеген дәрілерге жүргізілген тест нәтижелері оң нәтиже көрсетіп, әйел қамауға алынды.
Кішкентай сәбидің денсаулығы мен өміріне зиян келтірген әйелге бес айып: қауіпті заттармен қылмысқа дайындалу бойынша үш айып, сондай-ақ азаптау, баланы пайдалану материалдарын жасау және алаяқтық бойынша бір-бірден айып тағылды.