Біреудің жақынын жоқтап, ақша табады. Қазір қазадан да пайда көретіндер бар. Оған себеп жоқтау айтуды білмейтіндер көбейген. Шын мәнінде бұл бағзы заманнан бергі дәстүр емес пе еді? Әлде жұрт жадынан өшіп бара ма? Жауабын тілшіміз іздеп көрді.
Бұл сахнадағы қалжың болса да өмірден алынған. Өйткені біреуді жоқтап, ақша тауып жүргендер расымен бар. Жарнама бойынша хабарласып көрдім.
Өз жақыныңды өзің жоқтай алмасаң оның несі жақсы дейді біздің жұрт.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
1. Өзі жоқтау керек қой иесі өзі болғаннан кейін. Басқа кісі не деп жоқтап береді.
2. Бір-екі сөз болсын өздері жаттап айтқандары дұрыс қой.
3. Ішіңдегі шеріңді, сол кісіге деген ниетіңді, құрметіңді, сағынышыңды шығару керек деп ойлаймын.
Жоқтау айтуға дінде тыйым жоқ, ол -сауапты амал. Алайда жоқтаушыларды жалдауға және бақиға аттанар алдында “артымнан жылаңдар” деуге болмайды.
СНХ: ЕЛБЕК ТАСБОЛАТҰЛЫ, ҚМДБ ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ
-Тыйым салынған амалдар: жоқтаушы айғайлап жылауы, бетін-ұрып тырнауы, киімін жыртуы, Аллаға, тағдырға қайшы сөздер айтуы.
Жоқтау айту - ежелден келе жатқан мәдениет, қазақтың ұлы дәстүрі. Оны басқа біреу айтса да аузы дуалы жыршылар айтқаны жөн. Өйткені ол жерде адамның бар жақсылығы айтылу қажет дейді этнограф Болат Бопайұлы.
СНХ: БОЛАТ БОПАЙҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, ЭТНОГРАФ
-Өзінің дәстүрлі мәдениетіне, келіп жатқан көңіл айтып келген адамдарға, жоқтау тыңдап отырған үлкен-кіші, кәрі-жастың бәріне үлгі болатындай, өнеге болатындай дәрежеде тәрбиелік мәні бар, жәңегі жақсы киініп отырып, әдемі өзін ұстап отырып, дауысын бұзбай, айғайламай, бет жыртпай, шаш жыртпай отырып айту, бұл - мәдениеттің үлгісі қалыптасқан. Сондықтан мынау жоқтау жырының үлкен мәдениетін танытуымыз керек.
Жақынын жоқтап, жараны тырнау ешкімге оңай емес, әрине. Десе де кісінің кісілігін, жақсының жақсылығын көргендер ұмытып кетпей, айта жүрсе игі секілді.