Қазақстандық спортшылар Туринде өтіп жатқан Универсиада-2025 жарыстарында үшінші алтын медальға қол жеткізді. Бұл жолы ел намысын биатлоншы Никита Акимов қорғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Никита Акимов 10 шақырымдық спринтте үздік нәтижені көрсетіп, алтын медаль иегері атанды. Жарыстың күміс жүлдесін швед спортшысы Кнут Векстрем иеленсе, қола жүлде украиналық Богдан Борковскийге бұйырды», — деп жазылған хабарламада.
Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында үш алтын медаль бар. Бұған дейін екі алтын медальды могул спортының өкілі Анастасия Городко жеңіп алған болатын.