Картоп – халық ең көп тұтынатын көкөністің түрі. Оның бір келісінің құны 400 теңгеге жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәселен, Ақтөбеде қаңтардың басында бір килограмм картоп 200 теңге тұратын. Соңғы аптада супермаркеттерде ол 388 теңгеден сатылып жатыр.
Бұл өңірге картоп Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстары мен Ресейден әкелінеді. Яғни бағаның өсуіне өндірушілер мен жеткізушілер кінәлі.
«Қазіргі таңда Ресейден сыртқа картоп шығаруға тыйым салынған. Сондықтан нарықты реттеу және тұрғындарға қолжетімді бағамен картоп жеткізу үшін апта сайын тұрақтандыру қорынан 100 тонна картоп дүкендерге жөнелтіледі. Бір келісінің бағасы 116-119 теңге», – деп хабарлады Ақтөбе облысының әкімдігі.
Картопты көп өсіретін өңірлер – Жетісу мен Павлодар облысында да құны 400 теңгеге жеткен. Ал Астанада іріктелген картоп 450 теңгеден сатылып жатыр. Шығыс Қазақстан облысында құны 466 теңге, Қызылордада 366 теңге.