Алматы облысында полиция қызметкерлері дер кезінде әрекет етіп, өзіне қол жұмсамақ болған жас қыздың өмірін сақтап қалды. Оқиға 16 қаңтарда Қарғалы ауылында болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жамбыл аудандық полиция бөліміне «102» нөміріне қыздың құрбысы қоңырау шалып, оның өз-өзіне қол жұмсамақ екенін хабарлаған. Шақырту бойынша оқиға орнына жақын орналасқан патрульдік топ — Ернар Құттыбаев пен Нұрбол Қартанбаев шұғыл жетті.
«Олар келгенде, үйдің есігі ішінен құлыптаулы болған. Уақыт жоғалтпай, терезені сындырып кірген полицейлер қызды бөлмелердің бірінде қансырап жатқан күйінде тапты. Ол тамырын кесіп жіберген болатын», — делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері зардап шегушіні дереу ауылдық ауруханаға жеткізді. Қыздың жағдайы ауыр болғанымен, дәрігерлердің жедел көмегінің арқасында оның өмірі аман қалды. Қазіргі уақытта қыздың денсаулығы тұрақтанып, жалпы палатаға ауыстырылған.