$530.12 €546.08 ₽5.17
×

Түркістан облысында газ жарылып, әкесі мен екі ұлы қаза тапты

AstanaTV
19.01.2025ж. 16:27
79
Түркістан облысында газ жарылып, әкесі мен екі ұлы қаза тапты

Түркістан облысының Қазығұрт ауданында жеке үйде газ жарылып, 40 жастағы ер адам мен оның екі ұлы қаза тапты. Отбасы көмірмен жылытудан газбен жылытуға көшкеніне небәрі бірнеше ай болған.

Azattyq Ryhy сайтының мәліметінше, қайғылы оқиға болған күні марқұм Дәулет Тұрабаев үш ұлымен үйде қалған. Ал оның әйелі мен екі қызы қалада ем қабылдап жатқан. Екі ұлы әкесімен бір бөлмеде ұйықтап жатқан, ал тағы бір ұлы басқа бөлмеде болғандықтан аман қалды.

«Ол маған таңғы 6-да қоңырау шалып: «Дина, газ жарылды, мен күйіп қалдым, бірақ балалар тірі» деді. Кейін қайта қоңырау шалғанымда, қайын атам телефонды көтеріп, оларды жедел жәрдеммен ауруханаға алып кеткенін айтты. Бірден Қазығұртқа бардым. Балаларымды көрдім. Екеуі толығымен күйіп қалған. Сонда да «Анашым, біз жазыламыз» деді», – дейді марқұмның жары Динара Ашырова.

Мамандардың айтуынша, газ жарылысына камин пешінде жиналған газ-ауа қоспасы себеп болған. Жарылыс кезінде барлық бөлмедегі терезелер шытынап, үй ішін өрт шалған.

Трагедиядан кейін төтенше жағдайлар қызметкерлері мен басқа да ұйымдардың өкілдері тұрғын үйлерді тексеріп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын бастады.

«Қазір барлық округте қызметкерлер үйлерді аралап, осындай оқиғалардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аудан әкімдігі зардап шеккендерге шамамен 1,585 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетеді», – деді Қазығұрт ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Аян Көшкінбай.

Марқұмның әйелі мен күйеуі өз бизнесін бастау үшін несие алып, мал және жолаушы тасымалына арналған көлік сатып алуды жоспарлаған. Енді балаларды тәрбиелеу және 12 миллион теңге көлеміндегі несиені төлеу жесір әйелдің мойнына түсті.