$530.12 €546.08 ₽5.17
×

Павлодардағы дүкенде арандатушылық әрекетке барғандар видеоға түсіп қалды

AstanaTV
19.01.2025ж. 17:09
102
Павлодардағы дүкенде арандатушылық әрекетке барғандар видеоға түсіп қалды

Павлодардағы дүкенге әлдебіреулер «Орыс тілінде ғана қызмет көрсетеміз!» деген жазуы бар парақтарды жапсырып, бейнежазбаға түсіріп алған. Оны кейін әлеуметтік желіге жүктеп, соңы үлкен шуға айналды, - деп жазды KAZINFORM.

Белгілі болғандай, әлдебіреулер Лермонтов көшесінде орналасқан дүкеннің есігіне және сөресіне орыс тілінде «Тек қана орысша қызмет көрсетеміз!» («Обслуживаем только на русском!») деп жазылған қағазды жапсырып кеткен. Оны телефон камерасына түсіріп, кейін әлеуметтік желіге жүктеген.

Бұл оқиға әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен шу тудырды. Жұрт «Лакомка» деп аталатын дүкеннің тез арада жабылып, басшылығын жауапқа тартуды талап етті.

Абырой болғанда, арандатушылардың бұл әрекеті бейнежазбаға түсіп қалған. Видеода әйел адамның парақтарды жапсырып, ал ер адамның оны телефон камерасына түсіріп жатқаны байқалады. Дүкен әкімшілігі жазбаны әлеуметтік желілерде жариялап, ұлтаралық алауыздық тудыратын жазуға өздерінің қатысы жоғын жеткізді.

Мәселеге жергілікті қоғамдық ұйымдар да араласты. «Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбай көпшіліктің арандатушылыққа еріп кетпеуін сұрайды.

- Дүкенге бөгде екі адам кірген. Арандатушылық мақсатта бірнеше жерге тек қана орысша қызмет көрсетеміз ( обслуживаем только на русском) деген ақпарат жабыстырып, оны видеоға түсірген. Артынша видеоны әлеуметтік желілерде таратқан. Қазіргі уақытта ол адамдар анықталды. Мәселемен арнайы органдар айналысуда. Құрметті жерлестер, тіл жанашырлары! Мұндай жағдайда мәселенің байыбына бармай тұрып, пікір жазып, бөлісіп бөтен ниетті адамдардың ақпаратымен арандап қалмауға шақырамыз, - деп мәлімдеді Асылбек Туғанбай.