$520.91 €544.25 ₽5.29
×

СІМ Малайзиядағы қазақстандық студенттің өліміне түсінік берді

AstanaTV
20.01.2025ж. 17:09
135
СІМ Малайзиядағы қазақстандық студенттің өліміне түсінік берді

Сыртқы істер министрлігі Малайзияда қазақстандық студенттің өлімі туралы ақпаратқа қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әлеуметтік желілерде блогерлер Малайзиядағы жеке клиникалардың бірінде 17 жастағы қазақстандық Нұрай Қадырдың пневмониядан қайтыс болғанын хабарлаған видео тарады. Онда Қытайдың Сямэнь университетінде білім алған қызға қажетті медициналық көмек көрсетілмей, жекеменшік ауруханада қайтыс болғаны айтылды.

Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Қазақстанның Малайзиядағы елшілігі қайтыс болған қазақстандықтың денесін елге жеткізуге жан-жақты көмек көрсеткен.

"Консул сонымен бірге ауруханамен, университетпен және сақтандыру компаниясымен келісті. Мәйітті тасымалдауға, жерлеу қызметтеріне және анасының әуе билетіне кеткен шығынның бәрі медициналық сақтандыру есебінен төленді", - деді Смадияров.

Ведомствоның ресми өкілі Қазақстан елшілігінің қызметкерлері қазақстандықтың өліміне қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатқан ауруханамен тұрақты байланыста екенін айтты.

"Тергеу нәтижесі марқұмның анасына жеткізіледі. Сондай-ақ елшілік университетпен байланыста болады және студенттің анасына одан әрі сот ісін жүргізуге қатысты мәселелер бойынша көмектеседі", - деді Смадияров.