Италияда өтіп жатқан Дүниежүзілік қысқы универсиада қыза түсті. Қазақстандық спортшылар жарыс кестесінде 8-ші орында тұр. Бір спортшымыз 2 алтынды иеленсе, енді бірі жеңіс жолына бір қадам қалғанда сүрініп жатыр. Осы секілді спорттағы өзге де жаңалықтармен тілшіміз Айбек Салдатбек таныстырады.
Туриндегі қысқы универсиадада Қазақстан құрамасы 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль жеңді. Алтын жүлделерді қанжығаға Анастасия Городко мен Никита Акимов байлады. Ал жарыс жолын сенсациямен бастаған хоккейші жігіттеріміз фаворит саналған кездесуде ұтылып, жартылай финалға шыға алмады. Соңғы нәтижелер бойынша турнирлік кестеде отандастарымыз алтыншы орыннан сегізінші орынға сырғыды.
Ресейдің жастар хоккей лигасында матч сенсациямен емес, төбелеспен басталды. Көппен көрген ұлы той деп спортшылар шайбаға таласудың орнына, жаппай жағаға жармасты. Тәртіпсіздікті тоқтату төрешілер үшін қиынға соғып, оған қатысқандар түгел ойыннан қуылды. “Ирбис” командасы 3 ойыншымен 8 минут ойнап, соңында 0-де 8 есебімен жеңіске жетті.
Құны 2,5 млн доллар тұратын спорттық көлікті иесінен бөлек адам айдап, жол жиегіне соғып алды. Оқиға Монако қаласында болған. Әлемде бар-жоғы 10 шақты данасы бар “Феррари F40” көлігі Формула-1 бәйгесінің вице-чемпионы Ландо Норриске тиесілі. Апат болған кезде автомобильді оның досы тізгіндеген.