"Астана-Щучье" тас жолындағы үлкен көлік апаты жүргізушілердің бір-бірін басып озуынан болуы мүмкін. Тергеу жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері брифингте айтты. Жолаушылар ең алдымен жылыну пунктеріне жеткізіліп, одан әрі пойызға отырған. Төтеншеліктер "оқиға болған жерге жетуде бірнеше қиындықтар туындады" дейді.
ДИДАР ҚАЖКЕНОВ, ҚР ТЖМ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
95 көлік болды. Жол-көлік оқиғасы болды. Сол кезде ол жерге жетудің өзі бізге көптеген проблемалық мәселелер тудырды. Өйткені жолда 95 машинадан бұрын кептеліс болды ғой. Бірақ бізде оған байланысты техникамыз бар.
Елімізде қыс басталғалы 1500-ге жуық адам құтқарылып, эвакуацияланған. Оның 149-ы бала. Сондай-ақ 200-ден астам техника қар құрсауынан шығарылды. Мамандардың айтуынша, көп жағдайда жүргізушілер апат аймағынан кетпей, көлігін эвакуациялауды сұрайды. Бұл құтқару шараларына кері әсерін береді, дейді.
АСЛАН УӘКІШЕВ, ҚР ТЖМ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біздің мақсатымыз - ең алдымен көлікті емес, адамдарды құтқару. Егер біз әр техникаға тоқтап, оны эвакуациялайтын болсақ, онда бізде қауіп төнген адамдарды құтқарып, оларды қауіпсіз жерге көшіруге уақыт қалмайды. Алыс жерлерге жолға шықпас бұрын, алдағы бағыттың ауа райы болжамын міндетті түрде зерделеу керек.